Үкімет отырысында бензиннен бөлек, көмір мәселесі де қызу талқыға түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысында бензиннен бөлек, көмір мәселесі де қызу талқыға түсті

15.10.2017

Үкіметтің осы селекторлық отырысында бензиннен бөлек, көмір мәселесі де қызу талқыға түсті. Қатты отынға қатысты ешкім сөгіс естіп, қызметінен кетпесе де Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев тапшылыққа пен қымбатшылыққа кеш қимылдады деп тұрғындарды кінәлі етіп көрсетуге тырысқан облыс басшыларын көмір төңірегіндегі дүрбелеңді халықтан көрудің еш қисыны жоқ екенін айтып тыйып тастады. Туындап отырған проблемаларды дереу шешуді тапсырды.

Қарағанды облысында қазір бұл мәселе біртіндеп ретке келе бастады. Ұзын-сонар кезектің болуына көмір тасымалдаушы вагондардың жетіспеушілігі себеп болған екен-мыс. Кешелі-бері қосымша вагондар жұмылдырылып, қоймаларға көмір түсе бастады. Тек «қара алтынның» бағасы сол қымбат қалпында қалып отыр. Неге деген сауалдың жауабын сол өңірдегі тілшімізден білейік.

Бізде бір тенденция бар. Кез-келген салалық басшы тауарлардың қымбаттауын көршілес елдердегі бағаның өсуімен түсіндіреді. Міне, Ресейде, бензин бағасы көтерілді, сондықтан біз де көтеруге мәжбүрміз дейді. Немесе Өзбекстанда жеміс қымбаттады, сол себепті біздің өнімнің де бағасы өсті деп ақталады. Осы арада бір түсінбейтін нәрсе бар. Жарайды, дайын өнімді сырттан әкеліп Қазақстанда сатса, олардың бағасының шетелде өскенін пұлдауға болады.

Айталық, мына телефон. Егер осыны шығаратын шетел компаниясы бағасын көтерсе, онда оны осында алып келген кәсіпкер де бағасын көтеруге мәжбүр. Ол түсінікті. Тіпті осында өндірілетін тауарлардың шикізаттары мен қосалқы бөлшектері сырттан әкелінсе бағаның өсуін түсінуге болады.

Мысал ретінде «Қазавтопромды» алайықшы. Шетелдегі бөлшектер қымбаттады, сәйкесінше дайын өнімнің бағасы да өсті. Бірақ, шикізат та өзімізде өндірілсе, одан дайын өнім де өзімізде шығарылса, ешбір шет елдік қоспасы жоқ таза қазақстандық өнім болса, оған шет елдердегі бағаның өсу-өспеуінің қатысы қанша? Баға деген кеткен шығын мен үстіне қосылған пайдадан құралмаушы ма еді?

Айталық, міне мұнай, міне зауыт, міне тұтынушы. Бір де бір шетелдік аралас жоқ. Әкел де сат дайын өнімді. Жоқ, олар Ресейде баға 190 болды, сондықтан біз де көтеруіміз керек,- дейді. Әйтпесе, бар өнімді Ресей кәсіпкерлері сатып алып кетеді-мыс. Ал түсініп көріңіз осыдан кейін. Жарайды, солай-ақ бола қойсын. Қайта жақсы емес пе, Қазақстанның өнімінің шетелге сатылғаны. Елге қаржы түседі. Ел басшысының да жылдар бойы айтып жүргені сол емес пе, «Сыртқа дайын өнім жасап шығарыңдар, өздеріңе де, елге де пайда әкеліңдер», деп.

Ал әзірге мемлекеттік квотаны қамтамасыз ет те, ауысқанын сыртқа сат. Таусылды ма, тағы өндір, тағы сат. Өндіріс қуаты жетпей жатыр ма, тағы зауыт сал. Жоқ, біз зауыт салғанша бағаны теңгеріп отырғанды жеңілдеу көреміз. 25 жылда мемлекеттік компаниялар да, Қазақстаннның кәсіпкерлері де бір де бір мұнай зауытын салған жоқ. Сұраныс бар, ал ұсыныс жоқ. Міне, қайшылық қайда жатыр.

Олар одан да ойын-сауық орындарын салып, соларды жалға бергенді тәуір көреді. Қысқасы, отандық өнімді көптеп өндірмейінше, ішкі нарықты толтырып, артығымен өндіріп сыртқа шығармайынша, баяғы жартас сол жартас болып қала бермек. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу