Жарқын болашақтың кілті – сандық технологияларда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарқын болашақтың кілті – сандық технологияларда

28.01.2018

Анығында, болашақтың кілті - сандық технологияларда. Қазақ Президенті түрлі мінберден бұл ойды жиі айтады. Дамыған елдердің тәжірибесі де бұл сөздің ақиқат екенін дәлелдеп берді. Енді мына мәліметті тыңдаңыз. Алдағы 5 жылда технологиялық төңкеріс нарықта бар компаниялардың 40 пайызын жұмыссыз қалдырады екен. Қапыда қалмас үшін не істеу керек? Президенттің экономиканы цифрландыруды әзірден қолға алуының түпкі мәні де осында. Енді мынаны қараңыз. Бүгінде біздің елде жұмыс процесінің 95 пайызы қолмен жасалады екен. Демек, бүкіл экономиканы цифрландыру үшін қырып тастамасаң да, қыруар шаруа тындыру қажет. Өткен жылы Дәурен Абаев басқаратын Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «цифрлық Қазақстан» бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Мемлекет басшысы маңызды істің сұрауы да зор болатынын ескертіп, Дәурен Абаевқа жауапты жүк арқалатқан еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жер жүзі осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Біреуі белсенді, ал, біреуі сылбыр. Біз де осы көштен қалмауымыз керек. Ауқымды жұмыс сіздің министрлігіңізге тапсырылды. Өте ауыр міндет. Барлық министрліктер мен әкімдіктер бұл іске белсенді кірісуі тиіс. Бұдан бөлек, интернеттегі жұмысты ширату қажет. Кибер қауіпсіздікті қамтамасыз ету де маңызды. Осының бәрі сіздің министрлікке жүктелді. Мамандар бар, мүмкіндік бар. Демек, жұмыс істеуге болады ғой?

Хабарламаларға жазылу