Қазақ «апат айтып келмейді», дейді. Бірақ, қазіргідей ақылды заманда бәрін алдын ала болжауға болады. Тіпті келер қыстың қандай болатынын «Қазгидромет» мамандары біліп отырады. Бірақ, біз апаттың алдын алғаннан гөрі, салдарымен күрескенді жөн санаймыз. Экономиканың халі, қарулы күштердің әлі дәл осы табиғат апаты кезінде анық білінеді. Егер шығысты су алмағанда, біз төтенше жағдайда қолданылатын арнайы техниканың тапшы екенін, оның көбі ескіріп кеткенін білмейтін де едік. Осы апта Шығыс Қазақстанның әкімі Даниал Ахметов Үкімет басшысына шындықты жайып салды. Қайық жоқ, мотопомпа жоқ, су сорғыш құрал жоқ. Бәрі жоқ. Тіпті қыл аяғы құтқарушылар киетін арнайы су киімі де жоқ екен.
Шығысқа қазірдің өзінде 194 көшпелі мотопомпа керек. Ал, тіркемелі мотопомпаның саны норматив бойынша 112 болуы тиіс, қазіргі бары екеу ғана. Апатты жағдай болғанда мотопомпа мен қайықты тиеп апаратын «УАЗик» көліктерінің саны 489 болуы керек болса, қазір 131-і ғана бар. Оның жартысынан көбі ескірген. Тіпті 30 жылдан бері салдырлап келе жатқан техникалар да бар. Бұл тек шығыстағы жағдай. Шынымен дәл осы жолғы тасқын біраз жайттың бетін ашты. Бастан құлақ садаға, әйтеуір адамдар аман деп көңіл жұбаттық. Алайда, жыл сайын бір өңірді су шайып, бір облыста сел жүріп, үйлер жарамсыз қалып жатады. Оны қалпына келтіру үшін қазынадан тағы қыруар қаржы бөлінеді. Егер апаттың алдын алуға тас-түйін дайындық болса, құтқарушылардың техникасы сақадай сай болса, қайта-қайта шығындалмас па едік?! Екі есеп, бір қисап.
Айнұр ОМАР