Жамбыл облысындағы «Отар» полигонында жауынгерлік парад өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы «Отар» полигонында жауынгерлік парад өтті

13.05.2018

Арқа мен Алатау, Алтай мен Атырау арасы осы апта іркес-тіркес жалғасқан мамырдың мамыражай қос мерекесін өткерді. Алғашқысы – 7 мамыр Отан қорғаушы күні. Бұл күні Жамбыл облысындағы «Отар» полигонында әскери «жауһарымыз» бен күш-қауқарымызды паш еткен жауынгерлік парад өтті. Оған Жоғарғы Бас қолбасшы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барып, сақпандарын сайлап атқан сардарлар мен сарбаздарды мерекемен құттықтады. Қазақта «ерлік» ұғымының мән-мазмұнын ашатын «айбын», «айбар» дейтін түсінік бар. Біздің айбынымыз бен айбарымыз - әскер. Еліміз бен жеріміздің қорғаны - бұл әскер. Олардың «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» болғаны керек. Қазір жарау атқа мініп алып, жалаң қылышпен жауға шабатын шақ емес, бүгінгі заман сарбаздан алдымен бес қарудың бүтіндігін сұрайды. Әскери әлеуеті мықты ел - ешкімнің алдында еңкеймейді, тізерлемейді. Отардағы әскери парадқа 3 мыңға жуық жауынгер қатысты. 300 әскери техника мен қару-жарақ төңіректі таңдай қақтырса, 40 ұшу аппараты «Отардың» аспанын көктей кесіп өтті. Елбасы мен елдің алдында арнаулы операцияларға машықтанған күштер, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан, Әскери-теңіз күштерінің арнаулы мақсаттағы отряды, сондай-ақ, аумақтық әскерлердің әскери қызметшілері сап түзеп өтті. Әскери техникалардың барлығы ұрысқа қатысты. Шеберліктерін, «шедеврларын» көрсетті.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу