Елдегі менингококк дерті асқынып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі менингококк дерті асқынып барады

03.06.2018

Кешелі бері әлеуметтік желіде, әсіресе, «WhatsApp»-та менингококк инфекциясына қатысты түрлі хабар тарауда. Бірінде Алматы облысының Ұзынағаш ауданына инфекция тарады десе, тағы бір хабарламада балабақшаға баратын балаларға жедел екпе жасау керектігі айтылады.

Осыған байланысты еліміздің Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин үндеу жариялады. «Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты растамайды және әлеуметтік желілерден алынған, расталмаған мәліметтерге сенбеуге шақырады. Тек министрлік таратқан ақпаратты қолдану керек»,- деді Жандарбек Бекшин.

Жыл басынан бері елімізде тоғыз адам осы бір инфекциядан қайтыс болды. Бекшин олардың сегізін растады. Бүгін Алматыдағы Қаскелең ауруханасында осы дерттен 19 жастағы қыз көз жұмып, тізім тоғызға жетті. Алматы облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов студент қыздың өлімін растады. Таңғы 7:25-те ауруханаға түскен науқас екі сағаттан кейін қайтыс болған.

Кей деректерге қарағанда, марқұм кеше ғана менингококк инфекциясынан қайтқан 5 жастағы баланың отбасымен араласқан. Бүгінге дейін Алматының өзінде менингококк 3 адамның өмірін қиды. Ал, апта барысында Қызылордада 1 адам, Ақмола облысында 10 айлық сәби, Астанада 3,5 жастағы бала осы инфекция диагнозымен ауруханаға жатқызылған.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу