Бақытжан Сағынтаев бюджетті игермей жатқан министрлер мен облыс әкімдерін сынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытжан Сағынтаев бюджетті игермей жатқан министрлер мен облыс әкімдерін сынады

17.06.2018

Осы аптада Үкімет басшысының үні қатқыл шықты. Бақытжан Сағынтаев қаржыны игере алмаған ақ жағалыларға «Президенттің алдында өздерің жауап бересіңдер!» деп ескертті. Сағынтаевтың сабыры таусылатындай себеп бар. Шамамен 100 млрд. теңгедей ақша экономикаға жұмыс істемей тұр. Игерілмеген. «Енді оны кері қайтарып алып, керекті салаға жұмсаймыз» деп кесіп айтты Премьер-Министр.

Жылда солай. Министрліктер мен әкімшіліктер алақан жайып, жалынып-жалпайып жүріп, миллиардтарды артығымен сұрап алады. Ақша түседі, ақыры мақсатына жұмсалмайды. Қыруар қаржының игерілмеуіне кім кінәлі? Күні кеше бюджеттің атқарылуы туралы Парламенттің бірлескен отырысында Бақытжан Сағынтаев  бұған «есепшілер кінәлі» деді. Солардың салғырттығынан 508 миллиард теңге тиісті жеріне жетпепті. 

Жалпы, 5 айдан бері 58 миллиард теңге уақытылы игерілмей жатыр. Оның ішінде Қорғаныс министрлігі 17 миллиард теңгеден астам қаражатты әлі жаратпаған. Ауыл шаруашылығы министрлiгi болса 8,5, ал 7,8 миллиард теңгені Мәдениет және спорт министрлігі пайдаға асырмаған. Денсаулық сақтау министрлігі де 4,1 миллиард теңгені жұмсамаған.

Бірлескен отырыста қазына қаржысының қайда, қашан, қанша жұмсалғандығы қызу талқыға түсті. Үкімет мүшелері мен Есеп комитеті барлық бап бойынша байыппен түсіндіруге тырысқанымен, депутаттар дегбірсіз сұрақтың астына алды. Өйткені, қаржының жұмсалмай қалуы бірінші рет емес. Қысқасы, былтырғы республикалық бюджет Парламентте екі рет нақтыланып, Үкіметте 25 рет түзетілгеннің өзінде кемшілік тағы қайталанып отыр. Ал, не дерсіз?! Игерілмеген игіліктерді Индира Бегайдар айтып береді.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу