Адам ғұмырымен өлшер болсақ, 20 жас - бұл «жапырақ мінез, жел көңіл» алып-ұшқан шақ. Десе де, біздің бас қала осы аз уақыт ішінде әлем астаналарымен теңдесер батыл қадамдар жасады. Арқа төсінде әлемдік маңызы бар саяси шешімдер қабылданды. Астана – ел қазынасына қомақты қаржы құйып отырған донор өңірге айналды. Бастысы, Астана - ұлтты ұйытып, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған жаңашыл орта. Ел жастары да бүгінде елордаға қарап ой түзеп, бой түзеп, ілім теріп, білім қуып осында келеді. 20 жылда көп дүние жаңарды. Астананың саяси-экономикалық және әлеуметтік келбеті өзгерді.
Сонымен, сәрсенбіде көк байрақ көкке көтерілсе, жұма күні Мемлекет басшысы Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысты. Бұл шараға Елбасымен бірге елорданың мерейтойына арнайы келген Қырғыздың, Тәжікстанның және Өзбекстанның президенттері де келді. Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтады. «Қазақстан», «Тәуелсіздік» және «Астана» сөздерінің мәні еліміздің әр азаматы үшін айрықша екенін атап өтті. Сосын елорданың құрылысына атсалысқандардың бәріне ризашылық білдіріп, еліміздің барлық өңіріне Астананың мерейтойына жасаған сыйлықтары үшін алғыс айтты.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.