Шілде туса, ағайын Астанаға ағылады. Биыл да солай. Батыс пен шығыс, түстік пен теріскей елорда тойына бірлік танытып, бір кісідей атсалысты. Баяғының бай-бағландары секілді әрбір облыс әкімдігі сауынын артып, сал-серілерін, қолына өнер қонған ісмер-шебер, құсбегі, атбегілерін ерте елордаға жетті. Астананың әрбір бұрышында өнер мен мәдениеттің, салт-дәстүрдің жәрмеңкесі өтті. Осылайша, Жетісу мен Жайық, Алтай мен Атырау, Сырдың бойы, Ертістің жағасы, Қазығұрт пен Ұлытау, Көкше мен Баянауылды жайлаған жұрт арқада табысты. Табысып қана қоймай, аймақтар Астанаға тарту жасады.
Мысалы, Достық үйі, жаяу жүргіншілер көпірі, аллея мен монумент, тіпті, зымыран-ғарыш техникасының музейі, 33 мыңнан астам ағашы бар бақ, жасанды су қоймасы, веложол, жаяу жүргіншілер жолы Астананың ажарына ажар қосты. Президент осы аптада сол облыстардың тарту-таралғыларын көріп, нысандарды арнайы аралап шықты. Мұның барлығы түптеп келгенде, халық игілігі үшін. Қала тұрғындары да бұл игілікке риза, алғыстарын жаудырып жатыр.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.