Ыстықкөлде дүниежүзілік көшпенділер ойыны жалауын көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ыстықкөлде дүниежүзілік көшпенділер ойыны жалауын көтерді

02.09.2018

Алатаудың арғы жағындағы айырқалпақты ағайындарда бүгін ұлан-асыр той. Ыстықкөлдің жағасында дүниежүзілік көшпенділер ойыны жалауын көтерді. Бұл сайыс қырғыз жерінде осымен үшінші рет өтіп отыр. Идеяның авторы да - өздері. Аты айтып тұрғандай, шараның мақсаты - әлемге көшпенділердің мәдениетін, салт-дәстүрі мен ортақ құндылықтарын насихаттау. Сондай-ақ, насихаттай отырып, туризмді дамытсақ, елдің имиджін көтерсек деген ниет-пейілдері де жоқ емес. Өйткені, сайысқа әлемнің 80 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатыспақшы. Бұдан бөлек, келетін туристерді қосыңыз. Көшпенділер ойыны 37 ұлттық спорт түрі бойынша өтеді. Көкпар, бәйге, жамбы ату, күрес, бүркіт салу, тоғызқұмалақ секілді ойын түрлері бар арасында. Қысқасы, көшпенді жауынгерге тән өнердің сынға түсер сәті бұл. Біздің қазақ жауырыны жер иіскемейтін балуандардан, аттың құлағында ойнайтын шабандоздар мен көздегенін мүлт жібермейтін сұрмергендерден кенде емес. Бұл жолы халықаралық сайысқа 200-дей спортшымызды үкілеп қосып отырмыз. Кіл марғасқалар бәрі. Аламан сайыста абыройымызды асқақтатарына үміт зор. Санаулы минуттар бұрын осы дүбірлі доданың ресми ашылуы басталды.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу