Жыл сайын күз келсе бітті, біздің жұрт биліктің үш тармағында ауыс-түйіс болатынын айтып, ала-шапқын болады. Мұндайда саясаттанушылардан сәуегей ешкім жоқ. Олардың отыз тісінен шыққан сөзді қалам ұстаған қауым да қаузап, отыз рулы елге таратып әлек. Әлбетте, биылғы ауыс-түйістің ауанын бұқара шіліңгір шілдеден бері болжай бастады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, шілде айының 19-күні Мемлекет басшысы Ақордада қазіргі Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты арнайы қабылдап, Үкіметтің жұмысына қатысты азды-кем сын айтқан. Содан кейін жұрт ауыс-түйістің ауылы алыс емес деген әңгімені гу еткізді.
Ауыс-түйіс апта басында ақыры басталды. Алдымен, Президент әкімшілігінің жетекшісі Ақордадағы орнын босатып, оның орынтағына бас қаланың бұрынғы әкімі Әсет Исекешев тағайындалды. Елордамыз әкімсіз қалды деп шулаған елге ертеңінде Елбасы жаңа әкімді өзі апарып таныстырды. Сөйтіп, Астана әкімдігінің екі тізгін, бір шылбырын Қаржы министрі болған Бақыт Сұлтанов қолына алды. Жаңа әкімге Президент Астананы қазіргіден де қарқынды дамыту үшін бірқатар жаңа міндеттер жүктеп, арқасына стратегиялық маңызы бар тапсырмалар артты. Жаңа қызметке кіріскен екі шенеунік те сенім үдесінен шығамыз деп Президентке сөз берді. Ал, Қаржы министрінің орынтағы әзірге алты күннен бері бос тұр.
Айбек ҚОБДАБАЙ