Еуропада еркін жатқан мемлекет - Финляндия. Экономикасы жағынан Еуроодақтағы ең бір табысты елдердің бірі. Бақуатты, тәртіпті, сабырлы. Жер көлемі жағынан әлемде 64-орында, халқының саны 5,5 миллионға жетеғабыл.
Бір қызығы, Финляндия табиғи байлықтан кенде. Бірақ, одан халқы кедей болып қалған жоқ. Білім, ғылым, инновацияға о бастан сүйенген мемлекет қазір Еуропадағы озық технологияның отаны. Қарт құрлықтағы Жапония десе де болады. Интеллектуалдық игілікке иек артқан финдердің даму үрдісі мұнайдан жұрдай жұрт тұрмақ, пайдалы қазбаларға белшесінен батып отырған елдердің өзіне үлгі-өнеге. Билік, бизнес, ғылым - осы үш таған ел дамуының тұғырына айналды. Қысқасы, финдерден үйренетін дүние көп.
Осы апта қазақ Президенті араға тоғыз жыл салып, Скандинавия түбегіндегі шағын елге ресми сапармен барып келді. Екі ел арасындағы тауар айналымы бас-аяғы 300 миллион доллардың ар жақ, бер жағы. Бірақ, бастысы – ықылас, бейіл жоғары. Фин тарапы қазақ жері арқылы Еуразия экономикалық одағы мен Қытай нарығына шығуға ниетті, ал қазақ кәсіпкерлері Суоми елінде мықты дамыған жаңа және «жасыл» технологияларды өндіріске енгізуге мүдделі.
Президенттің бұл сапары баяулап тұрған қос елдің қарым-қатынасына дем берді деуге болады. Дос пейілді бекемдемек ниеттегі екі ел арасында қандай құйқалы құжаттар мен келісімдерге қол қойылды?
Айдос ӘШІМҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.