Қызылжарда Қазақстан мен Ресейдің XV аймақаралық форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылжарда Қазақстан мен Ресейдің XV аймақаралық форумы өтті

11.11.2018

Қызылжарда Қазақстан мен Ресейдің XV аймақаралық форумы өтті. Қос мемлекет арасындағы дәнекерге айналған басқосу алғаш рет осыдан он бес жыл бұрын Омбы қаласында болған еді. Содан бері екі елдің сөзін ұстаған саяси тұлғалар мен кәсіпкерлер Челябі, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Орынбор, Астрахань секілді қалаларда бірнеше мәрте кездесіп, кеңес құрды. Жалпы, қос Президент бұған дейінгі форумдардың бірде-бірінен қалған жоқ. Себебі, Қазақстан мен Ресей тату көрші ғана емес, стратегиялық әріптес мемлекеттер. Қос мемлекеттің ынтымағы, әсіресе, соңғы 25 жылда қарқынды дамып, айналасындағы өзге елдерге үлгі болатын деңгейге жетті. Екі ел басшыларының жиі кездесуі өзара байланыстардағы күрмеуі қиын көптеген түйткілді шешуге мүмкіндік береді. Соның арқасында, қазір Қазақстан мен Ресей азаматтары бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істемейтін сала жоқтың қасы деуге болады. Демек, жыл сайын үрдісі үзілмей ұйымдастырылатын форумның мәні де сол - көршілес екі елдің, әсіресе, шекара маңындағы өңірлердің өркендеуіне ерекше серпін беру. Осы басқосуда қос ел басшылары өзара ынтымақты арттыру бағытында атқарылар іс-шараларды тағы бір түгендеп, түрлі саланы қамтитын үкіметаралық 25, өңіраралық 30 құжатқа қол қойды. Форумның келесі XVI отырысы алдағы жылы Омбы қаласында өтеді.

 

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу