Елбасы осы аптада «Астана клубының» төртінші отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы осы аптада «Астана клубының» төртінші отырысына қатысты

18.11.2018

Апта басында Астанаға жаһан саясатының райы мен жайын тамыршыдай тап басатын сарапшылар мен сақа саясаткерлер және 10-ға жуық мемлекеттің бұрынғы басшылары келді. Ел-жұртты сөзіне ұйытып, кесіп сөйлейтін, шешіп сөйлейтін саяси элита өкілдері дәстүрге айналған «Астана клубының» 4-ші отырысына қатысты. Бұл жиын бүгінде дөңгеленген дүниені жайлаған дүйім елдерге ортақ өткір де өзекті түйткілдерді талқылайтын ғана алаң емес, ащы да ауқымды мәселелердің түйіні тарқатылатын салмақты алаңға айналды. Клуб отырысында сөз ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастыққа қарата бірнеше маңызды ұсыныс жасады. Бізге белгілі жайт, қазір көз алдымызда 21-ші ғасырдың екінші он жылдығы қарсаңында Еуразия құрлығы аса күрделі кезеңге қадам басып отыр. Батыс пен Шығыс арасында сауда соғысы, саяси текетірес жаңаша кейіпке еніп, күрделеніп барады. Бұл ат үстінде шіренген тек алпауыт державаларға ғана емес, бүкіл әлем елдеріне жағымсыз әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан, келеңсіздіктер мен кедергілерді жойып, тоқсан тарау саладағы қордаланған мәселелерді талқылау үшін Қазақстан Президенті Астана алаңында бас қосып, келіссөздер жүргізуді ұсынды.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу