Жаңа жыл қарсаңында теміржол билеттерінің бағасы қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жыл қарсаңында теміржол билеттерінің бағасы қымбаттады

09.12.2018

Жаңа жылға жақын мерекелік науқан басталысымен елде барыс-келіс, қарбалас көбейетіні белгілі. Пойызға билет іздеп сабылған жұрттың да қатары артады. Әдеттегідей, билет жоқ, болса, бағасы қымбат. Бұл жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдайға айналды. Бір қызығы, теміржол саласындағы мұндай бассыздықты жоюға құзырлы орындардың дәрменсіздігіне, ресми жауаптарына етіміз үйреніп кетті. «Ит үреді, керуен көшеді».

Биыл да жаңа жыл қарсаңында теміржол билеттерінің бағасы күрт қымбаттады. Талай қымбатшылықты көріп едік, бірақ бұл жолғысы тым бөлек. Кей бағыттағы билеттердің алды 60 мың теңгеге жетті қазір. Жолаушыларды теміржол басшылығы өздері арқалап апарса да, бұлай қымбаттататын жөні жоқ еді. Бірақ, амал жоқ, тиын санап отырған жұрттың қалтасын қағып жатыр.

Компания өкілдерінің айтуынша, коммерциялық теміржол бағыттарының бағасын қалай қойса да өздері біледі. Билет құнын өсіре отырып, өз шығындарын жауып, жыртығын жамамақ ойда екен. Бірақ, билет қымбаттады екен деп, толық жаңарып біткен вагонды көрген жоқпыз. Жаз болса, терезесі ашылмайды, қыс болса, жабылмайды.  Қырық құрсау вагондар әлі қолданыста жүр. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Жалпы, бағаны бұлайша шектен тыс қымбаттау қаншалықты заңды?

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу