Тәуелсіздік жылдары тұтас бір буын қалыптасты. Ойы азат, санасы бостан, мақсаты биік. Олар бүгінгі ғылым мен техниканың тамырын баса алатын, хайтектің яғни, жоғары технологияның тілін түсінетін жаһан көшінің жалынан ұстаған жалын жастар, заманның төл балалары.
Бойын қуат кернеп, ойын идея билеген жаңа толқын, жас өскін әрқашан қолдауға мұқтаж. Қазақ мемлекеті бұл ретте жолынан жығылған емес. Басқа-басқа, егемендіктің елең-алаңынан жас буынның заман ағымынан қалмауы үшін қам-қарекет жасады.
Естеріңізде шығар, ел еңсесі түсіңкі, қалт-құлт етіп отырған 1990 жылдардың басынан-ақ талапты жастарды әлемнің ең үздік оқу орындарына жіберді. Бұл бүгінгі өлшемге салсақ, нағыз жанкештілік пен қайраткерліктің өнегелі үйлесімі. Сол әлемдік білім аламанына қосқан жастардың көбі, қазір Тәуелсіз елдің тұғырын бекемдеп жатыр.
Мұны неге айтып отырмыз? Осы аптада елімізде Жастар жылы ресми түрде басталды. Жыл бойы жастардың мәселелерін шешетін кешенді шаралар жасалып, түрлі қамқорлықтар қолға алынатыны сөзсіз. Яғни күллі қоғамның назары да, мейірімі де жастарда болмақ. Жастар форумның салтанатты ашылуына қатысқан Мемлекет басшысы да оларды қолдауға бағытталған әлеуметтік шаралардың біразын жайып салды.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.