АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы қашанға дейін созылмақ? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы қашанға дейін созылмақ?

17.02.2019

Құрама Штаттар мен Қытай арасындағы сауда соғысы соңғысына ауыр тиді. Соның салдарынан қара Қытайдың экономикасы 1990 жылдан бері ең аз өсім көрсетіп отыр.

Аргентинада желтоқсанда өткен саммитте Си Цзиньпин мен Дональд Трамп арада бірнеше айға созылған кикілжіңді тоқтатуға келіскен. Ал, екі күн бұрын тараптар Қытай астанасында кездесті. Енді наурыздың 1-не дейін ортақ мәміле жасалуы тиіс. Әйтпесе, АҚШ Қытайдың жүздеген миллиард доллар болатын тауарына тарифті өсіреді. Сауда соғысы – «Американы қайта ұлы ел ету» ұранымен билікке келген Трамптың отандық өндірушілерге басымдық беру мақсатымен қолға алған айласы. Бұған қоса, Ақ үй басшысы Қытайды американдық технологияны, американдық жұмыс орындарын ұрлап, арам ойын жүргізді деп айыптап отыр.

Ал, екеудің арасындағы сауда дауы шешілмесе, жаһандық экономиканың өсімі баяулап, жаһан жылына 500 млрд доллардан қағылады. Он жыл бұрын соққы берген қаржы дағдарысынан енді ес жиған әлемдік экономика үшін бұл тағы бір сын болары хақ.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу