Үкімет отставкаға кетуі тиіс: Елбасы маңызды мәлімдеме жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отставкаға кетуі тиіс: Елбасы маңызды мәлімдеме жасады

24.02.2019

Бай бейсенбіде ешкім күтпеді, ел кешқұрым абыр-сабыр болды да қалды. Саяси билікте күтпеген шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақорданың ресми сайтында «Үкімет отставкаға кетуі тиіс» деген мәлімдемесін жариялады.

Президент өз сөзінде өткен жылдары әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты болғанына тоқталды. «Десе де, атқарылған шаруалар бүгінгі қоғамның өткір де өзекті мәселелерін толық шешіп бере алмады», - деді Елбасы. 2,5 жыл жұмыс істеген Бақытжан Сағынтаев үкіметінің экономикалық өсімге қатысты үмітті ақтамағаны белгілі болды. Расында да, ол премьер-министрлік кабинетке жетекшілік еткелі, шикізат бағасының тұрақты өскенін білеміз. Әсіресе, баррелі 20-30 долларға дейін арзандаған мұнай құны соңғы екі жылда 70-80 долларға дейін жетті. Демек, нақты сектор мен шағын және орта кәсіпкерліктің қазынаға қомақты қаржы құя алмағанын көреміз.

Расында да, Сағынтаев кабинетін картбланшқа ие болған, яғни, толық құзырет берілген үкімет ретінде білеміз. Мәселен, екі жыл бұрынғы конституциялық реформа арқылы Үкімет пен әкімдерге әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешіп, оған жауап беру үшін барлық тиісті өкілеттік пен дербестік берілді. Бірақ, өкінішке қарай, олар бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана алмады. Бағдарламалардың орындалуы бар да, нақты нәтижелердің болмауы келесі Үкіметтің де қаперінде болуы тиіс. Яғни, олар қағазбастылық пен құрғақ есеп мемлекеттің дамуына түк пайдасы болмайтынын түсінуі керек.

Әлеуметтік мемлекет құру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту - бүкіл стратегиялық құжаттарымыздағы басымдықтардың бірі. Президент те Үкімет мүшелері мен жергілікті атқарушы органның жұмыстарын бағалаудың басты өлшемі ретінде осы талаптарды үнемі айтып келеді. Демек, жаңа Үкіметтің де негізгі айналысатын мәселесі сөзсіз әлеуметтің әлеуетін арттыру жайы болмақ. Осы мақсатта бұған дейін екінші денгейлі банктерге қарайласып келген Ұлттық қордан қаржы бөлінетіні қуанышты жағдай.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу