Алтыннан алғысты қымбат көретін елміз. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан күнтізбесінде ерекше мейрам пайда болды. Алғыс айту күні деген. Содан бері көктемнің алғашқы таңын қазақстандықтар ризашылықпен, шүкіршілікпен қарсы алатын болды. Айтулы датаны Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен әдейі орайластырып, 1 наурызға бекітіп берді. Алғыс айту күні тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке болу керектігін айтты. Өйткені қиын-қыстау заманда жер аударып келген түрлі этнос өкілдері қазақ топырағында тұрақтап, біте қайнасып кетті. Халқымыз олардың ешқайсысын бөліп-жарған жоқ. Аузындағысын жырып берді. Тәуелсіз ел болған тұста Ассамблея құрып, төріне шығарды.
Қазақтың бұл пейілі қандай алғысқа болса да лайық екені сөзсіз. Сондықтан бұл мерекені елімізде тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің ұлтымызға деген ризашылығын білдіретін күні деуге де болады. Алғыс айту күні әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан тойланады. Мәселен, АҚШ пен Канада халқы 1691 жылдан бері қарашаның әрбір төртінші жексенбісін алғысқа арнаса, Израильде үш мың жылдан бері жиын-терім аяқталған тұста рақмет күні тойланады екен. Мұндай атаулы күн Корея мен Германияда да бар. Айтпақшы, Германия демекші, сонау 90-жылдардың басында атажұртына қоныс аударған немістердің арасында әлі күнге дейін Қазақстанды аңсап, сағынатындары бар екен. Алғыс айту күні қарсаңында қазақ жұртына рақметін айтып, арнайы сәлемін жолдапты. Шынар Асанқызының репортажын қарай отырыңыз.