Елбасының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары қай салаларды қамтиды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары қай салаларды қамтиды?

10.03.2019

Мемлекет басшысының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, Президент көп балалы отбасыларға қолдауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталғанын білесіз. Өйткені, елімізде баспанаға мұқтаждық азаймай тұр. Сандарды тағы да сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көп балалы отбасылардың жалпы саны – 28 мыңнан сәл асады. Енді солар үшін шаршы метрі 140-180 мың теңге болатын жалдамалы үйлер салынбақ. 2025 жылға дейін жалғасатын бұл бағдарламамен баспаналы болғысы келгендерге үй беру биыл, мамырдан басталады. Аумағы 60 шаршы метр болатын бұл үйлердің жалпы бағасы – 8,5 миллион теңгеге жуықтайды. Мемлекет аз қамтылған, көп балалы отбасылар үшін жыл сайын осындай 6 мың пәтер беруді жоспарлап отыр. 2025 жылға дейін ұзын-саны 42 мың баспана берілмек. Бұдан бөлек, «Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ Банкі» арқылы да 20 жылға 2 пайыздық ипотека беріледі. Бұл жеңілдікпен баспана алам деушілерге алғашқы жарна – 10 пайыз. Қойылатын талап – кемінде 4 баласы болуы керек, мүгедек бала тәрибиелеп отырған отбасылар және кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар толық емес отбасылар болуы шарт. Алдағы 2 жыл ішінде осындай 22,5 жеңілдетілген займ беріледі.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу