Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдермен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдермен кездесті

31.03.2019

Халықтың қарнын да, көңілін де тоқ қылмай, уайымын да жоқ қылмай, кез келген қадамның қайырсыз, берекетсіз болатынын саналы жан түсінеді. Алдымен, әлеуметтік тұрмыс түзелуі тиіс. Жаңа билік те халықтың әл-ауқатын арттыру – басты мақсат екенін айтып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент шаһарларының әкімдерін жинап, кеңес өткізді

Кеңесте сан саланы қамтыған сан алуан мәселе көтерілді: «Әлеуметтік қамқорлық», елге инвестиция тартудағы кедергілерді азайту, ысырапшылдықтан бас тартып, үнемшілдікке көшу. Иә, мәселенің үлкен- кішісі болмайды. Мысалы, елордадағы кезекшілік қызметіне жыл басынан бері 600-ден астам кәріз құдығының беті ашық қалғаны туралы қоңырау түскен. Құдықтың қақпақсыз жатуы – тұрғындардың, әсіресе, лақтай ойнақ салған қамсыз балалардың өміріне зор қауіп тудырып тұр. Мұндай салғырттықтың соңы кісі өлімімен аяқталғаны да жадыңызда болар.

Президент қоғам пікірін қақ жарған үштілділікке қатысты ұстанымын да білдірді осы кеңесте. Мәселенің өте күрделі екенін айтты. Келісеміз. Сосын Білім және ғылым министріне ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған осы тілге қатысты әрбір шешімді асықпай, ақыл таразысына салып барып қабылдауды тапсырды.

Айтпақшы, бір айдан соң, яғни мамырдан бастап жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға арналған 40 мың пәтер жалға берілуі тиіс. Тағы бір тапсырма. Атқарушы билікке 2020 жылы елімізде ауызсу мәселесін түбегейлі шешу міндеттелді. Осы тұста айта кеткен абзал, жыртығы жамалмаған халықтың арқасын аяздай қарыған мәселе – билік тарапынан болатын ысырапшылдық. Қасым-Жомарт Тоқаев сондықтан әкімдерден ысырапшылдықты қоюды, қарапайым үнемді үйренуді, халықтан алыстамауды, жаңа форматта қызмет көрсетуді талап етті. Тұрғындармен кері байланыс орнатуды жүктеді.

Ақордада өткен репортажға назар салыңыз.

Хабарламаларға жазылу