Дүние дүрлігіп тұр. Бүгін Шри-Ланка астанасы Коломбода үш шіркеу мен үш қонақ үйде болған алапат жарылыстан 207 адам мерт болып, 400-ден астамы жараланды. Бұл оқиғаны әлем елдерінің лидерлері айыптап мәлімдеме жасап жатыр. Оңтүстіказиялық мемлекетте 10 жыл бұрын азаматтық соғыс аяқталғаннан бері дәл осындай үлкен шабуыл жасалмаған. Болжамдарға қарағанда, бомбаларды жанкештілер іске қосса керек.
Қантөгісті ешқандай ұйым өз мойнына алған жоқ. Алайда, «Тамиль жолбарыстары» сепаратистік ұйымымен ондаған жылдарға созылған соғыс кезінде Коломбода мұндай жарылыстар ешкімге таңсық болған жоқ. Ол қарулы жанжалдарға 2009 жылы нүкте қойылды.
Ал, кейінгі кездері жергілікті христиандар кейбір экстремистік көзқарастағы буддистерден жиі қағажу көріп жүргендеріне шағымданатын болды. Және де адам құқығын қорғау ұйымдарының баяндамаларына қарағанда, ел халқының 70 пайызын құрайтын буддистер мешіттермен бірге христиандардың шіркеулерін де жабуға үнемі әрекет жасап келеді.
Арыстан РЫСБЕК