Н.Назарбаев осы аптада «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидаттың республикалық қоғамдық штабына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаев осы аптада «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидаттың республикалық қоғамдық штабына барды

26.05.2019

Хош, сөздің әлқиссасы – президент сайлауы. Қара орман халық өз таңдауын жасайтын тағдыршешті күнге тура екі апта қалды. Үміт үлкен. Мұқым елдің мұраты, арман-аңсары – билік басына халықтың нанын емес, қамын жейтін, құлқын сүйген құл емес, ұлтын сүйген ұл болуға лайық нартұлғаның келгені керек.

Соңғы күндері саяси бәсеке бәсеңсіген жоқ, керісінше қыза түскендей. Биліктің екі тізгін, бір шылбырын алу үшін 7 кандидат барын салып жатыр. Олардың әрқайсысы елдің экономикасы мен тұрмысын түзеуді, қоғамның қобырсыған кемшілігін күзеуді көздеген бағдарламаларын ұсынды. Халық қазір саяси сауатты. Ішінен сәйгүліктей жарағанын, көңілі қалағанын таңдайды.

Тоқетері, 9 маусым – қазақ елі үшін жауапты күн. Бәріміз ел тарихының елеулі һәм жаңа кезеңінің алдында тұрмыз. Осы аптада Елбасы «Nur Otan» партиясының атынан сайлауға түсетін кандидаттың республикалық қоғамдық штабына барып, жұмысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев сайлауалды бағдарламаны түсіндіру үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев қол жұмылмай жылынбайтынын, ел үшін елеулі шарада енжарлық танытпай, ертеңіміз үшін өз таңдауын жасаудың маңыздылығын айтты. Сосын өңірлік штаб жетекшілерімен селекторлық кеңес өткізіп, бірқатар салмақты мәселелерді саралады.

Хабарламаларға жазылу