29-мамыр – Еуразия құрлығының үлкен ширегін қамтитын жаңа халықаралық құрылымның өмірге келген күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

29-мамыр – Еуразия құрлығының үлкен ширегін қамтитын жаңа халықаралық құрылымның өмірге келген күні

02.06.2019

Еуразиялық Экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған айтулы дата. Әдетте одақ жайлы сөз қозғалса, алдымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасының есімі ойға оралады. Өйткені, еуразиялық интеграция идеясының басында Нұрсұлтан Назарбаев тұр.

Түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастауға тура келеді.

1994 жыл.  Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру идеясын көтерді.

2000 жыл.  Араға алты жыл салып, интеграциялық бірігу туралы Келісімнің жобасын дайындауға шешім қабылданды. Нәтижесінде Еуразиялық экономикалық қауымдастық дүниеге келді.

2010 жыл. Үш ел – Қазақстан, Ресей, Беларусь  кедендік  одақ аясына бірікті. Үш елдің шекарасында кедендік кедергілер жойылды. 

2014 жыл, 29-мамырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында осы елдің басшылары тарихи құжат - Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Келісімге қол қойды.

2015 жылы қатарға Армения мен Қырғызстан қосылды. Құқықтық құжат өзінің дәуірлік маңызға ие екенін дәлелдеді.

Бүгінде аталған ұйым сыртқы сауда айналымы 750 миллиард доллардан асатын, ортақ жалпы ішкі өнімі екі триллион доллар, 184 миллион халқы бар алып нарыққа айналды. Жер шарының 20 млн. шаршы шақырымын алып жатыр.

Осы аптада ұйымның 5 жылдық мерейтойына орайластырылған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп, оған бес мемлекеттің көшбасшылары төрт көзі түгел қатысты. Бес жыл ішінде ұйымның жеткен жетістіктерін ортаға салды.  Және сауда, энергетика, цифрлық экономика мәселелерін де қозғады. Талқылаған мәселелерін құжат түрінде бекітті. Сосын, келесі жолы жүздесетін орынды белгіледі.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу