«Жусан» операциясының соңғы кезеңі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жусан» операциясының соңғы кезеңі аяқталды

02.06.2019

 Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасады. «Менің тапсырмам бойынша 28-31 мамырда «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі табысты өтті. Сириядан отандастарымыздың кезекті тобы оралды. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының жүйелі жұмыстарының және шетелдік серіктестермен тығыз ықпалдастықтың арқасында қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды.

Қазақстанға оралған соң, олар оңалту шараларынан өтіп, барлық қажетті көмек алатын арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды», - делінген мәлімдемеде. «Жусан» – өте ауқымды гуманитарлық операция.

Естеріңізде болса, Сириядан қазақстандықтардың алғашқы легі Елбасының тапсырмасымен биыл 6 қаңтарда елге жеткізілген еді. Құқыққорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген шара нәтижесінде 47 азамат, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды. 7-9 мамыр күндері сергелдеңге түскен Сириядан Қазақстанның тағы 231 азаматы оралды. Оның 156-сы – балалар, дені мектеп жасына дейінгілер. Бұл жолғы операция кезінде 171 баладан бөлек, тағдыр тәлкегімен жат жерге кеткен 67 әйел елге қайтарылды.

171 бала. 171 тағдыр. Туған елден жырақта алақан жылуын көрмей алақ-жұлақ еткен бейкүнә балдырғандарын қазақ мемлекеті далада қалдырмады. Қорлатқан жоқ. Қорғады. Бұл кешегі 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында атқарылған үлкен сауапты іс болды.  Сонымен, мемлекет балалар құқығын қорғауды жалғастыра бермек. Қасым-Жомарт Тоқаев президент лауазымына кірісе сала, қол қойған алғашқы құжаттардың бірі – балалар құқығын қорғауға арналған. Енді кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсеткендер 12-ден 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу