Соңғы 28 жылда Қостанай облысында 300-ден астам ауыл жер бетінен жойылыпты. Әрине, жағдай белгілі. Нарық кірген соң ауылдан береке қашты. Жұрт күнкөріс қамымен қалаға ағылды. Шалғай өңірлерден қатынасқа қолайлы орталықты мекендерге қоныстанды. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды оңалтып, экономиканы дамыту үшін халықты ірі елді мекендерге шоғырландыру қазіргі мемлекеттің ұстанған саясаты екені де мәлім.
Әйтсе де тарихы терең, алаштың ардақтыларының кіндік қаны тамған, ізі қалған елді мекендердің де елсіз далаға айналып, ескерусіз қалып жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Тобыл-Торғай өңірінде Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы тәрізді қазақ зиялыларынан бастап, ұлтына ұйытқы, жұртына қорған болған батырлар, билер, өнер майталмандары туған киелі мекендер өте көп.
Бүгінгі ұрпақ үшін тағлымды тарихтың жәдіргеріне айналуы тиіс сол қасиетті мекендердің дені, ел көшіп иен далаға айналған соң, карта бетінен ғана емес, жұрттың жадынан да өшіп барады.
Қазақтың тұңғыш романы саналатын Спандияр Көбеевтің «Қалың малын» оқымаған қазақ кемде-кем. Бұл тұтас ұлт әдебиеті үшін аса құнды шығарма. Алайда осы туынды авторы дүниеге келіп, өзі мектеп ашқан киелі мекеннен де бүгін қадір қашып, қаңырап қалудың алдында тұр. Кезінде 150 үй түтін түтеткен Қостанай облысындағы Ақсуат ауылында қазір отызға жетпейтін отбасы қалыпты. Тағлымды тарихына тағзым етіп, туризм нысанына айналуы тиіс мекендердің назардан тыс қалуының себебі неде? Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.