Қарағандыда жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмесі өтті

28.05.2013
Қарағандыда жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмесі өтті
 
«Қына - тасқа, ақыл - жасқа бітеді». Ал, біздің елде миы Менделеевтікіндей жастарымыздың инновациялық жобаларына қолдау бар ма? Мәселен, жаңалық десе жарғақ құлақтары жастыққа тимейтін шетелдіктер жобаңызды көрсе, соңғы алтынын берсе де, аттай қалап әкетеді. Кезінде біздің талай жоба бөтеннің қолында, көк ақшаның жолында кетті.
 
Дегенмен, соңғы жылдары инновацияға бет бұрған қазақ мемлекеті игілікті идеясы бар өнертапқыштарды қолдауға, қорғауға көшті. Мәселен, Қарағандыда «Expo camp Karagandy-2013» деген атаумен жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмесі өтті. Онда тың ойлар ортаға салынып, арасына озық дегендеріне арнайы гранттар табысталды.
 
Жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмесі тәуелсіздік алаңында әдемі флеш-мобпен ашылды. Ауқымды шара ЕХРО-2017 көрмесі қарсаңында дайындықты енді бір пысықтап алу мақсатында ұйымдастырылған десе де болады. Индустрия және өнеркәсіптің орталығы ретінде Қарағандыда алғаш өтуінің өзі әдемі үйлесімділік тапқан десті, жиналған көпшілік.
 
Мирас Құттыбай, Қарағанды облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы:
Бұл көрменің негізгі мақсаты – қазіргі заманға сай, озық технологияларды меңгерген жастарымызды тәрбиелеу, әрі қарай өсіру, соларға қолдау көрсету.
 
Жұртшылық назарына ұсынылған жас өнертапқыштардың жобалары бірінен-бірі асып түседі. Олардың қатарында күннен, желден және жерден энергия алу, шығынсыз өндіріс сынды көптеген жаңашыл бастамалар бар. Мәселен, Қызылордадан келген Нұрғали Ақылбеков электр тоғын еш желі тартпай-ақ, ауа арқылы тасымалдаудың әдісін ойлап тапқан.
 
Нұрғали Ақылбеков, жас өнертапқыш:
Мысалға, алыс-жақын жерлердегі, таулы жерлерге электр энергиясының сымын тартпай-ақ, оны ауа арқылы таратуға болады. Гидро ортада, сулы жерлерде, әртүрлі ағаштарға, қағаздарға сынап көрдік.
 
Қазақстандық жастардың ғылыми-инновациялық жобаларын тамашалау шетелдік компаниялардың да қызығушылығын тудырды.
 
Пиа Канара, «SARUS LTD» компаниясының басшысы /Финляндия/:
Біздің мына кереметтей көрмеге келгендегі мақсатымыз қазақстандық жастардың инноваторлық жаңалықтарымен танысу. Біздің компания осы бағытта жұмысс істейтіндіктен үнемі тың дүниелерді іздеп жүреміз. Қазірдің өзінде Финляндиямен қатар, Ресей мемлекетімен жұмыс істеудеміз. Енді солардың қатарына Қазақстан да қосылады деген үміттеміз.
 
Қарағанды облысы бойынша жас өнертапқыштар арасында ұйымдастырылған үздік жоба байқауын барлығы 40 ұсыныс түссе, соның 25 көрмеге қатысуға жолдама алыпты. Ішінен озық шыққан екеуіне облыс әкімінің 1 миллион теңгелік гранттары табысталды. Оларды ауаны жердің энергиясы арқылы бөлмеге жылытып жіберуді және күн көзінен үздіксіз электр жарығын алатын әмбебап станция ойлап тапқан Қарағанды политехникалық университетінің студенттері иемденді. Қанатқақты жобаларға жергілікті компаниялар да қызығушылық танытып, меморандумдарға қол қойылды.
 
Алексей Цой, Қарағанды технопаркінің директоры:
Біз көрме барысында жеңіске жеткен жобалар бойынша меморандумға қол қойдық. Енді оларды қосымша дамыту әрекеттерін іске асырамыз. Арнайы бизнес жоспар құрып, ел көлемінде ғана емес жобаның халықаралық деңгейдегі коммерциялық пайдасын табуға үшін жұмыс жасаймыз.
 
Осылайша, білім биігін бағындырған жастардың еңбегі еленді. Енді бұл игілікті шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.    
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу