EXPO-2017 көрмесінің маскот дизайны 19 қыркүйекте жарияланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EXPO-2017 көрмесінің маскот дизайны 19 қыркүйекте жарияланады

04.08.2014
EXPO-2017 көрмесінің маскот дизайны 19 қыркүйекте жарияланады

Бүгін EXPO-2017 халықаралық көрмесінің үздік маскот дизайнына  дауыс беру басталды. Дауыс беру www.expo2017mascot.kz сайтында 18 тамызға дейін жалғасады.

Осыған орай,  «Park Inn» қонақүйінде баспасөз мәслихаты  өтті.

Шараға  «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның Маркетинг және қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры Әсел Қожақова, «Green Penguin» агенттігінің арт-директоры Юлия Курова, «GOOD!» агенттігінің арт-директоры Берік Ерғали және  графика дизайнері Мира Қанатова қатысты.

Жарысқа барлығы 80-нен астам жоба келіп түскен. Талап бойынша  «Болашақ энергиясы» тақырыбына сай келуі және қабылдаушы ел – Қазақстан мәдениетінің ерекшеліктерін айғақтауы  тиіс болды.

Отандық авторлармен қатар, байқауға Бразилия, Мексика, Венесуэла, Португалия, АҚШ, Германия, Швейцария, Ұлыбритания, Испания, Босния және Герцеговина, Бельгия, Литва, Румыния, Польша, Украина, Израиль, Үндістан, Индонезия және Ресей елдерінің мамандары дизайн-жобаларын жолдаған.

Олардың арасынан 7 жоба таңдалып алынды. Үздік маскот  ең көп дауысқа ие болған 3 маскоттың арасынан анықталады.

«Қазақстан келбеті 2017 жылға дейін және одан кейін де таңдап алынған маскот дизайн бойынша танылады. Сіздер қолдау білдірген жоба барша әлемге танымал болатын көрменің бейнесіне айналып, Қазақстанға сәттілік әкеледі, деп сенеміз», - деді Әсел Қожақова.

Байқау қорытындысы 19 қыркүйекте жарияланады.

Жеңімпаз атанған автор лайықты марапатпен қатар, көрменің маскот брендбугын жасау туралы келісімшартқа қол қояды.

Хабарламаларға жазылу