Кездесу барысында А.Есімов Қазақстан өкілдерінің Миланда өткен ЭКСПО-2015 көрмесінің ұйымдастырушыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқандығын, сондай-ақ Италия көрмесінің соңғы онжылдықтағы ең маңызды шаралардың бірі екендігін жеткізді.
«Мен ЭКСПО-Милан басшысы Джузеппе Саламен кездескен кезде, біз екі көрменің ынтымақтастығына қатысты мәселені қозғадық. Біз Милан ЭКСПО-сынан көп тәжірибе жинадық. Енді, біз Италияның ЭКСПО-2017-ге қатысатындығын растауын және өзінің комиссарын тағайындауын күтіп отырмыз»,-деді А.Есімов.
Бұған қоса, ЭКСПО-2017 басшысы Испанияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хосе Педро Санс Серраномен жүздесті.
Кездесу барысында Испанияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу мәселесі сөз болды. Ахметжан Есімов көрмеге қатысушылардың барлығына қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылатындығын жеткізді.
Өз кезегінде елші Испанияның Қазақстандағы көрмеге қатысуы қажеттігін, ал оны ресми түрде растау мәселесінің кешігіп жатуы алдағы уақытта өтетін Парламент сайлауымен байланысты екендігін айтты. Өйткені, Парламент сайлауынан соң елде жаңа Үкімет қалыптасуы қажет.