«Qazaqstan» Ұлттық арнасы бүгін «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің жабылу салтанатын тікелей эфирде көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» Ұлттық арнасы бүгін «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің жабылу салтанатын тікелей эфирде көрсетеді

10.09.2017

«Qazaqstan» Ұлттық  арнасы бүгін «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің жабылу салтанатын тікелей эфирде көрсетеді

Астана айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды. Елорда 3 ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналды. Бүгінгі өткелі отырған  жабылу салтанатына әлем президенттері де келіп қатысады деп жоспарланып отыр.

2017 жылдың 10-маусымы - бұл еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылатын айтулы дата. «ЭКСПО-2017» көрмесі  - ТМД елдері мен Орталық Азияда өткізілген ең алғашқы халықаралық деңгейдегі көрме.  Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы алғаш болып Мемлекет басшысы бастама көтерген еді.

2012 жылдың 22-қарашасында Халықаралық көрмелер  бюросына мүше 161 ел өкілінің жасырын дауыс беру барысында Астана  «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме өтетін орын болып таңдалды.  Еліміздің ұсынған тақырыбы –«Болашақтың энергиясы».

2014 жылдың 24-сәуірінде Елбасы көрме құрылысы орнына капсула салып, дайындық жұмыстарын жүргізуге тапсырма берді. 25 гектар жерде орналасқан көрме кешенінде 38 жаңа нысан салынды. Құрылыс жұмысына 4 мыңнан аса адам жұмылдырылып, әрлеу жұмыстары басталғанда олардың саны 13 700-ге жетті.  560 техника тартылды.

Сондай-ақ, ЭКСПО-ға қатысатын 115 мемлекет пен 22 ұйым өз павильондарын жабдықтап, халықаралық көрменің ашылуына дайын болды. Көрменің ашылу салтанатына әлем елдерінің мемлекет және үкімет басшылары қатысып, қуанышқа ортақтасты. Күн сайын әр мемлекеттің мәдени күндері өтіп, көрмеге келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Осынау төрткүл дүние көз тіккен көрмеден Ұлттық арна үздіксіз хабар таратып отырды.  «Таңшолпан» бағдарламасы да «ЭКСПО» аумағынан арнайы телеэкскурсия ұйымдастырып, бейнесюжеттер топтамасын ұсынды.

93 күнге созылған айтулы шараның жабылу салтанатын бүгін 20:00-де «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу