«Окарем-Бейнеу» магистральдық құбырының құрылысы барысында «Шетпе» автоматтандырылған газ тарату станциясы да пайдалануға берілді. Енді бірнеше ауыл үздіксіз көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Бұл шаруа «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы Маңғыстау өндірістік филиалының инвестициялық бағдарламасының аясында іске асты.
Бұл күнді Қосбұлақ, Жармыш, Оңды, Шайыр, Тұщыбек ауылдарының тұрғындары асыға күтті. Өңір тегіс газдандырылған аймақ болса да, бірқатар елді мекен үздіксіз газға қол жеткізе алмай отырған еді.
Ернұр Ыбыраев, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Маңғыстау өңірлік филиалы директорының орынбасары:
- Осы АГРС-тің арқасында Маңғыстау ауданының ауылдарындағы 200 кәсіпорынға, бизнесмендерге газ жеткілікті болады. Осы шарамызды Тәуелсіздік мерекесіне арнайы ашып жатырмыз. Бұл - газ қызметкерлерінің ел мерекесіне арналған сыйы.
Компанияның инвестициялық бағдарламасы мұнымен шектелмейді. Әлі де атқарылатын шаруа қыруар. Аймақтың Мұнайлы, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия, Бейнеу аудандары мен Жаңаөзен қаласына 1370 шақырымдық газ құбыры салынбақ. 6 автоматтандырылған газ тарату станциясы мен 71 газ тарату бекеттері жөнделеді. Сондай-ақ, 800-ге тарта жұмыс орны ашылып, жоба іске асқан соң да 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Нұрлан Оңғарбаев, асфальт бетон зауытының шебері:
- Біздің асфальт бетон зауыты газбен жұмыс істейтін еді. Жыл сайын қазан айында газ жетіспеуіне байланысты зауытты тоқтатуға мұқтаж едік. Қазіргі уақытта АГРС салынып, қосымша газ күші жетіп, зауыттың жұмыс істеу уақыты ұзарып, енді көп адамға жұмыс беріледі.
«ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы мен Маңғыстау облыстық әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес, 2030 жылға дейін өңірде жаңа газ желілерін өткізіп, ауылішілік жерасты газ құбырларын салу көзделген.