Қазақстан екі бірдей халықаралық маңызы зор шараны өткізіп, әлемге тағы бір мәрте атын паш етті. Сондай-ақ, еліміздің саяси сахнадағы рөлі артып, халықаралық аренадағы беделі нығая түсті. Бірқатар елдермен қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталды.
2017 жыл еліміздің сыртқы саясаты үшін табысты болды. Қаңтардың 1-і күні Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігі басталды. Бұл абыройлы әрі жауапты міндет Қазақ еліне оңай келген жоқ. Қазақстан жаһандық саясатта өзін дәлелдеп, алпауыт елдер біздің пікірмен санасу үшін жылдар бойы еңбек етті. Қиын-қыстау кезеңдерде маңызды шешімдер қабылдап, әлемнің жетекші мемлекеттерін мойындатты. Нәтижесінде БҰҰ-на мүше 193 елдің 138-і Қазақстанды қолдап, Қауіпсіздік кеңестің тұрақты емес мүшелігіне қабылдады. Бұл - асқақ абырой мен мәртебелі міндет.
Сыртқы саясаттан бөлек, спортта да жеткен жетістіктеріміз баршылық. Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы болып Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындарын ұйымдастырды. Бес жылда бір өтетін халықаралық додаға дүниежүзінің 1500-ден астам спорт саңлағы қатысты. 57 мемлекеттің ішінен Қазақ елі 36 медальды қанжығаға байлап, жалпыкомандалық есепте 2 орынға тұрақтады.
2017 жылы өткен маңызды оқиғалардың бірі – халықаралық ЭКСПО көрмесі. Әлемдік шара жаһандық кеңістікке елімізді таы да танытып «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетуге мүмкіндік берді. Дүниежүзінің 115 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйымы «Болашақ энергиясы» тақырыбында үздік технологияларын паш етті. Ғылым және инженерлік ақыл-ойдың жетістіктерін таныстырды. Көрме аясында мыңдаған шара өтіп, әлем елдері 3 ай бойы Қазақтың астанасына көз тікті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің өтінішімізді және ұсынған тақырыбымызды қабыл алғандары үшін барлық елдерге ризашылығымды білдіремін. Осындай ауқымдағы көрме – бір мемлекеттің ғана атқарған ісі емес, бұл – осында өз жетістіктерін көрсетуге келген халықаралық қоғамдастықтың еңбегі. Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрмесі – жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз.
2017 жылдың оқиғалары жас мемлекеттің ширек ғасырлық тарихына алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Ел абыройын асқақтатын еліміздің бұл жетістіктері - қазақтың маңдайына бұйырған мерейлі мәртебесі.
Бақытжан ОМАР