Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өткізді

16.12.2017

Тәуелсіздік – барша қазақ үшін қастерлі ұғым. Сондықтан, бұл мереке елімізден тысқары жерлерде де тойланып жатыр. Мәселен, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі жыл сайын Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өткізеді. Биыл да Мәскеу қаласында үлкен мерекелік кездесу өтті.

Ресейдің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен өнер адамдары, шетелдік дипломаттар мен қазақ диаспорасы. Салтанатты кешке осынау барша тарап бүкіл Қазақ жұртын ұлық мерекемен құттықтап келді.

Александр Панкин, РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Біз Қазақ елімен арадағы стратегиялық әріптестігімізге ерекше мән береміз және оны айрықша бағалаймыз. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы және Еуразиялық экономикалық одақ сынды халықаралық құрылымдарда ерекше беделге ие.

Қазақстанның саясаты тұрақты, экономикасы қарқынды. Жыл өткен сайын елдің халықаралық қауымдастықтағы беделі де артып келеді. Осылайша, қысқа мерзімде Қазақ елі өз жолын тауып қана қоймай, өзгелерге жөн сілтеп, арағайын болатын деңгейге жетті. Бұл - біздің емес, мерекеге жиналған сырт көз сыншылардың пікірі.

Тигран Саркисян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы:

- Барша қазақстандықтарды елдің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бұл күнді Қазақ елі болашаққа деген нық сеніммен қарсы алып отыр. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерге қарайтын болсақ, Қазақстанның орнықты дамып жатқанын көреміз. Елдеріңіз осы жылдар ішінде көптеген ауқымды жобаларды абыроймен іске асырды.

Михаил Швыдкой, РФ Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі өкілі:

- Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы жай ғана Тәуелсіз мемлекеттердің қарым-қатынасы емес. Себебі, өзара байланыстарымыз бірнеше ғасырдан бері жалғасып келеді. Біздің мемлекет басшыларымыз ғана емес, қарапайым халықтарымыз да бір-біріне деген шынайы достық пейілде.

Шара барысында қонақтарға қазақтың ақ дастарханы жайылып, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ресейлік және шетелдік меймандар еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімен жан-жақты танысты.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу