Қызылорда облысы құрылыс қарқыны бойынша республикада көш басына шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысы құрылыс қарқыны бойынша республикада көш басына шықты

19.12.2017

Тәуелсіздік алған жылдары Алты Алашқа пана болған Сыр елінің болашағы бұлыңғыр еді. Табаны құрғаған Аралдың экологиясы. Жұмыссыздық. Халықтың әл-ауқаты сын көтермеді. Бірақ, Елбасы қиын кезеңге қарамастан Сыр өңірінің келешегіне сенім білдіріп, мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетті. Содан бері, міне, 26 жыл өтті.

Қазір Қызылорда еңсесін тіктеген, дамудың даңғыл жолына түскен берекелі мекен. Егемен елмен бірге өсіп-өркендеп, дамып келе жатқан өңірде жағымды жаңалық жетерлік.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Сырдарияның үстінен салынған көпірдің маңызы ерекше. Себебі, дарияның арғы бетінде жаңа қала салынып жатыр. Шығыстық шырайдағы ғажап қала инвесторлар қаржысы есебінен бой көтеруде. Қазір бұл жер үлкен құрылыс алаңына айналған. Мектеп, балабақша, түрлі әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүруде.

Қызылорда облысы құрылыс қарқыны бойынша республикада көш басына шықты. «Сол жағалауды игеру» жобасы негізінде қазір 5 қабатты 18 үй салынып жатыр. Сондай-ақ, 320 орындық балабақшаның құрылысы жүруде. Бірінші кезең бойынша, дарияның арғы бетіндегі бос жатқан жердің 500 гектары игеріледі. Мұнан басқа, биыл қалада 61 тұрғын үй салынып, 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Апатты үй мәселесі шешілді. Күлсін Арзымбетова 1-топтағы мүгедек. Осы уақытқа дейін анасы екеуі пәтер жалдап, көшіп-қонып жүрді. 2005 жылы үй алу кезегіне алынған ол өз баспанасына қол жеткізді.

Күлсін Арзымбетова, қала тұрғыны:

 - Ұзақ күткен қуанышымыз. Үйлер жақсы, тұрмысқа қолайлы.

Күлсіннен басқа тағы 210 отбасы қоныс тойын тойлауда.  Ал, қала маңындағы Белкөл кентінің тұрғындары енді көгілдір отынның игілігін көреміз деп қуанып жатыр. Көшелердің барлығына газ құбыры тартылды, әрбір үй табиғи газ жүйесіне қосылды. Енді кенттегі 630 жанұя қауіпсіз әрі арзан отынды пайдаланады. 

Бақыткүл Ержанова, Белкөл кентінің тұрғыны:

- От жақпаймыз. Бұрын көмір, отын іздеп, бір адам кочегар болып, түнімен отыратын еді. Енді, табиғи газ жағып, баратын жеріне барып, жұмысын істеп, бала-шағасын бағып, қуанып отырады.

Биыл 4 аудан орталығы мен Байқоңыр қаласы газдандырылды. Қала маңындағы 3 ауылдың тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Бұған дейін олар сұйытылған газ пайдаланды. Әрі оның  әр текше метріне 800 теңге төлейтін. Ал, қазір қауіпсіз, табиғи газдың құны одан 40 есе төмен.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу