Ұлық мереке – Тәуелсіздік күні Еуропа төрінде де тойланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлық мереке – Тәуелсіздік күні Еуропа төрінде де тойланып жатыр

14.12.2018

Еліміздің Бельгиядағы елшілігі ұлттық мерекеге орай салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Шараға Бельгия үкіметінің мүшелері, Еуропалық Одақ сарапшылары, дипломаттар мен осы елде тұратын қандастарымыз қатысты. Мәртебелі меймандар еңсесін тіктеген елдің қуанышына ортақтасып, қазақ елінің жаһандық бастамаларына жоғары баға берді.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Әлем елдерімен достығы бекем Қазақстанның ұлық мерекесін атап өтуге келгендер де сол тілектес шетелдік дос, жора-жолдас. Бірі аяққа енді тұрған Қазақстанға кезінде тартынбай қаржы құйған кәсіпкер. Енді бірі ел мен елді елдестірген елші. Еуропалық Одақтың азулы саясаткерлері, адуынды экономистері де осында.

Айгүл Құспан, ҚР Бельгиядағы елшісі, ҚР Еуропалық Одақ пен НАТО-дағы өкілдігінің басшысы:

- Еуропалық Одақ - Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Биыл 9 айда сауда айналымы 24 млрд. доллардан асты. Елбасымыздың Брюссельге келген кезінде жариялаған бастамасы, АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропалық Одақ басшыларының кездесуін ұйымдастыру туралы ұсынысы Еуропалық Одақтың, Брюссельдің қолдауын тапты.

«Жаһандық саясатта өзіндік орны бар Қазақстанның, әсіресе, антиядролық бастамаларын бүкіл әлем қолдауы тиіс», дейді сарапшылар. Кикілжіңдерді қашанда бейбіт жолмен шешуге үндейтін қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарған жұмысына да жоғары баға берілді.

Бренда Мундия, Дүниежүзілік кеден ұйымының институционалды даму жөніндегі директорының орынбасары:

- Қазақстан Тәуелсіздігінің 27 жылында жеткен жетістіктерімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын. Дүниежүзілік кеден ұйымының белсенді мүшесі ретінде қазақ елі Еуропа пен Азия арасындағы алтын көпірге айналды. «Ұлы жібек жолының» жаңғыруына күш салып, «Бір жол, бір белдеу» жобасы аясында елдің көлік-транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланып жатыр. Бұл - ұтымды шешім.

Пьер Боргольц, Орталық Азия бойынша еуропалық сарапшы:

- Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығын, мүшелігін асқан жауапкершілікпен атқарды. Кеңестің алаңын пайдалана отырып, жаһандық өзекті мәселелерді көтерді. Президент Н.Назарбаев әлемдік саясатта елдің абыройын асқақтата отырып, ұлттық мүддені ешқашан естен шығарған емес. Мәселен, соңғы мақаласында айтылғандай, Ұлы дала халқының әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін біз жіті зерттеп, әлемдік мұра кітабына енгізуіміз керек.

Әлемдік саясатта ғана емес, мәдени құндылықтарды сақтап, жаңғыртуда да қазақ елінің орны ерек. Әсіресе, бабаларымыздың саятшылық өнеріне шетелдік меймандар тәнті. «Көкпар», «Қыз қуу» сынды ұлттық ойындарды көпшілік арнайы ұйымдастырылған көрмеден қызықтады. Содан соң, ұлттық тағамдардан дәм тартты.

Батыс жұрты бір нанды бөліп жеп отырған Қазақстандағы 100-ден астам этностың бірлігіне, елдегі тұрақтылыққа тәнті. Ынтымағы жарасқан, дамуға бағытталған тың бағдарламасы, өзіндік дара жолы бар қазақ елінің айбынын асырып, айдынын тасытатын әлі талай оқиғалардың куәсі болудан торқалы тойға келгендердің бәрі үмітті.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу