«Алаш көсемсөзі - рухани жаңғыру парадигмасы». Осындай атаумен Алматыда халықаралық жиын басталды. Ауқымды шараға белді ғалымдар, оқытушылар мен жастар қатысып жатыр. Олар Алаш көсемсөзіндегі «Мәңгілік ел» идеясы мен экономикалық, әлеуметтік жаңғыру мәселелеріне аса мән берді.
Бүгінгі жарқын болашақтың іргетасын қалаушылар ұмытылмайды. Алаш қайраткерлерінің ізгі жолын ұстанған ұрпақ сол тарихын естен шығарған емес. Сондықтан, ғалымдар сол кезеңдегі қазақ баспасөзінде орны ерек «Сарыарқа» газеті турасында орамды ойларын ортаға салды.
Айгүл Рамазан, филология ғылымдарының докторы:
- Алаш қайраткерлерін зерттеу, Алаш мерейтойын тойлау бүгінгі ұрпақтың парызы, қарызы және міндеті деп айтуға болады. Алаш мерейтойымен қатар, «Сарыарқаның» да 100 жылдығын қатар тойлап отырмыз. Себебі, «Сарыарқа» - Алаштың үні, ұраншысы, шынайы тілекшісі.
Алаш қайраткерлерінің іргелі істері бүгінгі «Рухани жаңғырудың» іргетасы іспетті. Жиынға қатысқан танымал тұлғалар осындай пікір айтты. Олар туралы тарихи деректерді зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу - жас ғалымдардың еншісінде екендігін жеткізді.
Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы:
- Алашорда үкіметін құрды. Ең бастысы, Тәуелсіз қазақ елін құруға талпынды.
Қазір Алаш қайраткерлері туралы жазылған мақалалар аз емес. Зерттеушілер зерделеп, баспасөзде жарияланып та жатыр. Десек те, белгілі ғалымдардың сөзінше, әлі де архивті ақтарып, кейбір жоғалған мұраларды табу - міндет. Халыққа білмейтін басқа да мәліметтерді терең талдап, жеткізу қажет.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ