Парламент депутаттарының аймақтарға сапары жалғасуда. Бүгін Мәжіліс өкілдері Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарына барды,өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысып, заңнамалық жұмыстар туралы баяндады. Қаңтардың үшінен бастап барлық аймақтарды қамтыған сапарлар түйіні көп түйткілдерді шешуге сеп болады дейді олар.
Маңғыстау облысындағы Құрық порты. Мұнда Мәжіліс депутаттары паром кешенінің жұмысымен танысып, портта салынып жатқан құрылыстың барысын бақылады. Құрық айлағында автомобиль паромы ашылғалы өткізілген жүктің көлемі 1 млн. 476 мың тоннаға жетті.
Транскаспий дәлізінің маңызды бөлігі болып саналатын Құрық кешені іске қосылғалы көршілес мемлекеттермен сауда байланыстары нығайып, тауар айналымына қан жүгірді. Экспортқа шығарылатын тауарлар көлемі артты. Қазір паром автокөлік тұрағының теңіз айдынында табанын тереңдету жұмыстары жүргізіліп, Батыс және Шығыс қоршауларының тоспаларының құрылысы жүріп жатыр.
Тарас Хитуов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Елбасымыздың берген Жолдауындағы 10 бағыттың бірі – көлік логистикасын дамыту осы Құрық паромындағы жұмыстарға сай келееді. Мұнда жұмыстар қарқынды. Өткен жылғы пландағаннан 2 есе жүк өткізді. Қазір автомобиль паромының құрылысы жүріп жатыр, 2018 жылы аяқталады.
Экологиялық ахуал, елді мекенді жарықтандыру және жер қатынастары бойынша қордаланған мәселелер ең алдымен шешімін табуы тиіс. Мәжіліс депутаттарымен кездесуде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Восточное ауылы тұрғындары өзекті проблемаларды көтерді.
Депутаттар Шавхат Өтемісов пен Евгений Козлов Мәжілістің қазір атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндап, көптің көкейіндегі мәселелерді тыңдады. Жергілікті жұртшылықты өңірдің экологиялық ахуалы мен әлеуметтік мәселелер алаңдатады. Депутаттар ұсыныс-тілектерді тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, шешу жолдарын іздестіретіндігін айтты.
Шавхат Өтемісов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Тағы бір күрделі мәселе ШҚО-на қатысы бар ол Су кодексіне және Жер кодексіне тіреліп тұр. Мысалы, ауыл шаруашылық жерлерде ауыл шаруашылығымен айналысу үшін Жер кодексі мен Су кодексі нормалары бір-біріне қарсы келеді екен. Қазіргі жағдайда Парламент соның ішінде Мәжілісте жер қатынастарына қатысты нормалар енгізілуге арналған жоба қаралып жатыр. Бұл мәселені сол жобаны қарастырған кезде шешуге мүмкін болады.
Ертең Мәжіліс депутаттары Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарының жұртшылығымен кездеседі.
Индира БЕГАЙДАР