Талантты пианист, Саида Халықова «100 жаңа есім» жобасына енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талантты пианист, Саида Халықова «100 жаңа есім» жобасына енді

08.03.2018

Ол 13 жасында алғашқы жеке концертін берді. 28 жасында музыка академигі атанды. Саида Халықова қос жанарынан айырылса да, адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеді. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, талантты пианист «100 жаңа есім» жобасына енді. Оралда туып-өскен жас дарын қазір Астанада тұрады.

Ол бала кезден музыкаға құштар болды. Алайда, 9 жасында миында ісік пайда болып, Мәскеуде ота жасалды. Мыңның бірі болып, аман қалды. Бірақ, көру қабілетінен айырылды. Әйтсе де, музыкадан қол үзбеді. Нотаны жанарымен емес, жүрегімен жаттады. Оралдың саз колледжінен түлеп ұшқан ару Астанадағы Ұлттық өнер университетін үздік бітірді. Кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Италияда білім шыңдады.

Саида Халықова, пианист, музыка академигі:

- Италияда пианистерде 6 деңгей бар. Ең жоғары деңгей пианист-жеке орындаушы деген. Мені осы ең жоғары деңгейге қабылдады. Оқудың алдында рейтингтік концерт бердім. Мұғалімдер «Бізге дайын әртіс келді» деп бірден айтты.

Ол тек орындаушы ғана емес, өзі де әуен шығарады. Алғашқы еңбегін 15 жасында-ақ жазған. «Жаңбырдан кейін», «Көлдегі таң», «Туған жер», «Ностальгия» секілді 20 туындысы бар. Саиданың сиқырлы сазы селт еткізеді. Сезім қылын шертеді. Тыңдаушының жан сарайын ашады. «100 жаңа есімнің» бірі атанып, Елбасымен кездескен кезде, шетте жүріп, елді сағынғанда жазған шығармасын орындап берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

- Рахмет, Саида! Осы жолмен жүре бер! Сен қанша адамдарға, қанша жастарға өнеге боласың. Адамның мүмкіншілігі шексіз екенін көрсетесің. «Бақыттымын» дедің, бақытты бол! Ұзақ ғұмыр тілеймін. Әлі талай шығармалармен қуантасың бізді. Аман-сау бол!

Қазір талантты музыканттың жасы 32-де. 6 тіл біледі. Музыка академигі деген ғылыми дәрежесі бар. Елдің мәдени елшісі атанған арудың арманы көп.

Саида Халықова, пианист, музыка академигі:

- Астанада үйім болса деп армандап жүремін. Өйткені, үйім болса, үйде аспабым тұрады. Мысалы, Италияда жүргенде түнде тұрамын, ойыма жақсы әуен келсе, түнде де, кеште де, соны ойнап, есімде сақтаймын. Туындыларым солай дүниеге келеді. Үйім болса, аспабым болса, көбірек жазар едім.

Ең бастысы, зағип жан жарық дүниені өз көзімен көруден үмітті. Бірақ, ол үшін күрделі ота жасату қажет. Әзірге Саиданың жалғыз серігі - музыка. Саз - оның жаны. Өмірінің мәні. Қазақстан, Ресей, Румыния, Италияда жеке концерттерін берген дарынды тұлға әлде де шығармашылығымен шартарапты шарлағысы келеді.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу