«Рухани жаңғыру» бастамасы аясында ұйымдастырылған шарада Әулиеата өңірінен шығып, елге елеулі еңбек етіп қана қоймай, туған жердің көркеюіне атсалысып жүрген азаматтар марапатталды.
Ауылдан ұзап кетсе де, ел-жұртына көмегін аямаған азаматтың бірі - Сайрамбай Дөненбаев. Бір кездегі қарапайым шопан қазір үлкен шаруашылықты басқарып отыр. Ауылға мешіт пен медресе үйін салып берді. Сондай ақ, әлеуметтік нысандардың біразын өз қаражатына тұрғызды. Мәдениет үйі, мектеп-интернат, саялы саябақ бүгінде ауылға ажар беріп тұр.
Сайранбай Дөненбаев, кәсіпкер:
- Өте қуаныштымын. Елдің алдында істеген ісіңді насихаттау жастарға үлгі. Мен өзім талай жерден үлгі алдым.
Жомарт жандардың арқасында биыл өңірде 39 жоба жүзеге асты. Оның ішінде 7 тұрғын үй мен пәтер, 4 гүлзар, медициналық пункт пен музей және 26 спорт нысаны пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 18 ірі жобаны тапсыру көзделген.
Берік Бегалиев, Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:
- Жерлестеріміз қанша сырт жерде жүрсе де, ауылды ұмытпай, алдағы уақытта да көптеген әлеуметтік нысандар салуды жоспарлап отыр екен. Белсенділік жылдан-жылға артып келе жатыр. 2018 жылы меценаттар тарапынан қаржыландырылатын нысандардың саны артып жатыр. Келесі жылға 2,4 млрд. теңгеге 45-50-ге жуық әлеуметтік нысан салу жоспарланып отыр.
Форумда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды. Көпшіліктің қолдауына ие болған Елбасының «Туған жерге туыңды тік» бастамасы жалпыұлттық патриотизмнің артуына серпін берді. Оған жер-жерде жүзеге асып жатқан ілкімді жобалар дәлел.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.