Бүгінде сол бір қанды қасапты күрсіне отырып еске алады. Жылдар өткенімен жүректегі жара жазылған жоқ. Минометтің жарықшағы кеудесінде әлі жүр.
ІІ Дүниежүзілік соғыстағы шешуші ұрыстардың бірі - Днепр үшін болған айқас. Осы қанды қырғынға қатысқандардың бірі - солтүстікқазақстандық Қабдеш Қалиев. Училищені жаңа аяқтап, соғысқа кірген үшінші күні ауыр жараланып, госпитальге түсті.
Қабдеш Қалиев, соғыс ардагері:
Үйдің бұрышында тұрып атып жібердім. Ол неміс үлгермей де қалды. Шамасы диверсант. Өйткені, біздің батальон өтіп кеткен. Ол қамыстың арасынан шықты.
Қабдеш ақсақалдың жалғыз бауыры Кәмәли - соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлердің бірі. Көп жылдары бауырын іздестірді. Бірақ, қайда жерленгені туралы ақпарды былтыр ғана білді.
Қазір бауырының Украина мен Ресейдің шекарасындағы селодағы бауырластар зиратында жерленгені туралы толық ақпарат алып отыр.
Асқар Қалиев, Петропавл жоғары әскери институтының кафедра бастығы:
Біз интернетпен хат жолдадық. Онда мектептегі тарих пәнінің мұғалімі іздеу отрядында жұмыс істейді екен. Сол кісіден хат келді.
Қабдеш Қалиев 1943 жылы 18 жасында әскер қатарына шақырылды. Ташкенттегі пулемет-миномет училищесін тәмәмдаған соң бірден соғысқа аттанды. Жас та болса, қанды қасапты өз көзімен көрді. Сондықтан, абыз жасқа жеткен ақсақалдың басты тілегі - бейбіт өмір.
Қабдеш Қалиев, соғыс ардагері:
Енді соғыс болмасын, жастар бейбіт күнді ғана көрсін.
Көрер жарығы таусылмаған майдангер 1944 жылы елге оралып, талай жыл білім беру саласында еңбек етті. Қазір құрметті демалыста. Оқушылар да ардагерді ұмытқан емес, жыл сайын келіп мерекемен құттықтайды, қолғабыс жасайды.
Олар биыл да сол дәстүрден айныған жоқ. Жеңіс күніне орай келіп, майдангердің күпті көңілін көтеріп тастады.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ