Н.Назарбаев: Жеңіс ерліктің, еңбектің, бірліктің арқасында келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаев: Жеңіс ерліктің, еңбектің, бірліктің арқасында келді

09.05.2014
Н.Назарбаев: Жеңіс ерліктің, еңбектің, бірліктің арқасында келді
Бүгін -  1941-1945 жылдардағы соғыстың аяқталған күні. Миллиондар құрбан болған, миллиондардың қаны, тері, жасы төгілген сұмдық соғыстың аяқталғанына - 69 жыл.
 
Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Отан қорғаушылар» ескерткішіне барды, шейіт болғандарды еске алып, ардагерлерге құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын қойды.
 
Бүгін - Жеңіс күні. Адамзат тарихындағы ұлы қырғын аяқталған күн бүгін.  Аққан қан, шыққан жан, төгілген тер, аңыраған ана, шырқыраған бала.
 
Зұлмат жылдардың дәл суретін көргің келсе, қазақтың кешегі әдебиетін оқы, шын тарихты парақта, содан кейін парықта. Біз олардан асырып айта алмаймыз, қалайда.
 
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Отан қорғаушылар» ескерткішіне келді, құрбандарды еске алып, құрметін көрсетті.
 
Қазақстан -  ол соғысқа барын берген елдердің бірі. Тарихтың деректері сан қилы. 1 миллион 800 мың адам қатысып тең жарымы, кейде үштен бірі келмеді дейді. Енді бірде 1,5 миллион адам қазақ жерінен аттанды деседі. Қалайда миллиондардың қаны сол соғыста  аққаны шындық. 700 мың адам тылда тер төкті, бәрі де майдан, бәрі де жеңіс үшін еді.  
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Құрметті, отандастар, Отан соғысының ардагерлері! Баршаларыңызды шын жүрегімнен бүгінгі ұлық мереке, өткен соғыстағы жеңіспен шын жүрегімнен құттықтаймын. Біз - ардагерлермізді ардақтайтын, қарттарымызды қадірлейтін халықпыз. Соғыста 2 миллионға жақын қазақстандық майданға аттанып, соның жартысы оралған жоқ. Жеңіс ерліктің, еңбектің, бірліктің арқасында келді. Қарттар өздерінің тәжірибесін әлі күнге жастарға айтып, патриоттық тұрғыда бізді тәрбиелеп келе жатыр. Ұлтшылдық пен фашизмнің не екенін өте жақсы білетін біздің аталарымыз, ағаларымыз. Соған қарап жастар еңбекті, бірлікті, Отанды қорғауды үйренсе екен дейміз. Кешегі өткен әскери шеруде Қарулы күштеріміздің мүмкіншілігін көрсетттік. Сондықтан, ақсақалдар риза болып, біздің қолымыздағы қаруды ұстайтын азаматтар өскен екен деп, қуанып жатыр. Баршаларыңызды мерекемен құттықтап, келер жылғы Жеңістің 70 жылдығында аман-есен кездесейік дегім келеді. Бар шаңырақта жақсылық болсын. Барлық тілегіміз орындалып, Қазақстанымыз гүлдене берсін.  
 
Президент Нұрсұлтан Назарбаев ардагерлердің жауынгерлік ерлігі ғана емес, өмірлік өнегесі де қымбат екенін атап өтті өз сөзінде. Сосын ескерткіштің іргесінде арнайы құрылған шатырларды аралады, қарт сарбаздармен емен-жарқын әңгімелесті.
 
Соғыс салған жара әлі жазылып біткен жоқ. Бүгінгі мерекеге келген ардагерлер соны еске алысты. Барлығында бір тілек: соғыс болмасын.
 
Шәріпбай Төлепов, cоғыс ардагері:
Жеңіс күні Берлиннің өзінде болғанмын. 2-мамыр күні Берлинді тапсырды. Нағыз Жеңіс күні - 9-мамыр.
 
Ғазиза Қошқарқызы, Астана қаласының тұрғыны:
Немере-шөберелеріміз аман болсын. Балаларымыз ондай қиындықты көрмесін. Әрқашанда бейбіт заман болсын. Елбасымыз аман болып,  жеңістен жеңіске жете берейік. 
 
Сейітжан Есілов, cоғыс ардагері:
Қазіргі заманымыз қандай жақсы. Елбасыға рахмет.
 
Өткен күн - тарих, ал, тарих  - тәрбие. Міне, қазақ еліндегі Жеңісхандар мен Жеңісгүлдер, Жеңісбектер мен Жеңістайлардың алды жетпіске шығып отыр.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу