Жеңісті жақындатуда тыл еңбеккерлерінің де үлесі мол - Ахметжан Есімов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңісті жақындатуда тыл еңбеккерлерінің де үлесі мол - Ахметжан Есімов

09.05.2014
Жеңісті жақындатуда тыл еңбеккерлерінің де үлесі мол - Ахметжан Есімов
Жеңістің 69 жылдығы Алматыда да ауқымды мерекеленді. Ардагерлер мен қала басшылығы, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері майдан даласында мерт болған жауынгерлерді еске алды. Рухына тағзым етіп, жеңіс үшін жағылған мәңгілік алауға гүл қойды.
 
«69 жыл толған жеңіске миллиондаған адамдардың ерен еңбегінің арқасында жеттік. Отан үшін кеудесін оққа тосқан ардагерлеріміз бүгінгі бейбіт күнді ұрпағына тарту етті».
 
Бүгін 28 панфиловшылар саябағында сөз алған алматылық жұрт осылай деді. Жиналған жасы да, жасамысы да батырларға құрмет көрсетті. 
 
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
Майдан даласына өз еркімен аттанған еліміздің қайсар ұлдары мен қаһарман қыздары арқасында біз бүгін еркіндік пен бейбітшілікте өмір сүріп келеміз. Ауыр соғыс жылдарын басынан өткерген тыл еңбеккерлерінің де жеңісті жақындатуда үлесі мол.
 
Құрмантай Иманғалиұлы - күңірентіп өткен соғыстың көзі тірі куәгері. Ол 22 жасында соғысқа аттанып, Ленинград майданында Отан үшін шайқасты. Қарт майдангер жылдағы мейрамды асыға күтеді. 93-тің төріне шыққан қарияның Қарулы күштер десантшыларына айтар тілегі бар.
 
Құрмантай Бақбергенов, соғыс ардагері:
Қапшағайдағы, Талдықорғандағы, Тараз, Астанадағы әуе десанты бөлімдеріне барып жүрмін. Сонда сендер біз сияқты жауынгерлік міндеттеріңді атқарыңдар, егер Отанға қауіп төнетін болса, дайын тұрыңдар деп айтамын.
 
Бекен Айдос, «Арыстан» мамандандырылған әскери лицейінің 10-сынып оқушысы:
Біздің ардагерлерге деген құрметіміз ерекше. Себебі, біз олардың ізбасарларымыз. Бізде солар сияқты өзіміздің Отанымызды қорғайтын патриоттар боламыз.
 
Жалпы, неміс басқыншыларына қарсы шайқасқа Алматыдан 76 600 жауынгер аттанған. Оның 44 мыңы елге оралды. Соның 1300-і ортамызда жүр. Туған жерім, халқым, Отаным, деп күрескен
қаһармандарымыздың ерлігі мәңгі ел есінде. Бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу