Мұндай дәйексіз мәліметті майдангердің немересі атасына қажетті құжатты алу үшін барғанда естіп, есінен тана жаздаған.
Александр Погадаев 1942 жылы майданға аттанып, Беларусьті неміс басқыншыларынан азат етуге қатысты. Көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
Соғыстан кейін Атырауға оралып, Ішкі істер органында 30 жылға жуық қызмет атқарды. Зейнеткерлікке шыққан соң облыста ардагерлерден құралған «Фронтовичка» хорының қатарына қосылды. Ал, өзінің құжат жүзінде тірілер тізімінде жоқ екенін естігісі де келмейді.
Александр Погадаев, соғыс ардагері:
Мұндай олқылық, әрине, реніш тудырады. Мені жыл сайын майдангер ретінде құттықтайды. Түрлі шараларға қонақ ретінде шақырады. Тұрақты түрде зейнетақымды аламын. Сонда, қалайша мені тірілей көміп тастаған?! Мен түсінбедім.
10 жыл уақыт ішінде ардагер төлқұжатын ауыстырды. Шекара асып, Ресейде демалды. Өткен жылы майдангер ретінде облыс әкімшілігінен пәтер кілтін алды. Оның отбасы «Осыншама уақыт бойы құзырлы органдар қайда қараған?!» деп таңқалады.
Ольга Сбитнева, майдангердің немересі:
Анықтама алуға мен барған болатынмын. Ондағылар бірден «атаң тірі ме?»,деп сұрады. Мен оларға осыдан 10 минут бұрын үйден шыққанымда аман отырғанын айттым. Сосын маған мониторды бұрып, ондағы жазуды оқытты. Онда атамның қайтыс болғаны көрсетілді. Есімнен тана жаздадым.
Халыққа қызмет көрсету орталығындағылар қателіктің жүйеден болғанын растап отыр. Алайда, олардың деректі түзетуге құқығы жоқ көрінеді.
Қайрат Қоныс, «ХҚКО» РМК Атырау филиалының директоры:
Соғыс ардагері қазіргі таңда қайтыс болғандардың тізімінде тұрғаны туралы немересіне айттық және оны түзету үшін Көші-қон полициясына жүгінуін сұрадық.
Қазір немересі атасының тірі екенін растаумен әлек болып жүр. Емханадан қарияның тірі екендігі туралы анықтама алып, Көші-қон полициясына тапсырған. Бірақ, бір жылға жуық уақыт өтті. Әзірге, нәтиже жоқ.
Соғыс ардагері болса, «Жер басып тірі жүрсем де, өлді деген желеумен майдангер деген атаудан айырылып қалмасам болғаны», дейді.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ