Күзетте де қыздар бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күзетте де қыздар бар

10.05.2013
Күзетте де қыздар бар
Әйел - бесікті тербетеді. Үйдің де, қоғамның да тыныштығын күзетеді. «Әйелден батыр да туады, батыр да шығады». Ешбір саланы әйелсіз елестету мүмкін емес. Елдің атқамінерлерін де бір топ қыз-келіншек күзетіп жүр.
 
Офицер әйелдерге де, ерлерге де Арайлым жетекшілік етеді. Ол  - білдей бір штабтың басшысы. 800 полицей Арайлым Серікқызына қарап, сап түзейді. Оның Астанада қызмет етіп жатқанына екі  жылдан енді асты. Капитанның арманы - генерал болу.
 
Арайлым Жұбаназарова, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Үкіметтік мекемелерді күзету полкінің штаб басшысы:
Мен әйел адам болсам да, ең басты мақсатым - қоғамдық тәртіпті күзету және ел азаматтарының құқықтарын қорғау, деп есептеймін. Сондықтан, біз әйел, еркек деп бөлінбейміз. Осы салада жүргеніме 10 жыл болды. Он жылым он күндей өтіп кетті.  
 
Майгүл - подполковник. Бұл шенге ол 13 жылда жетті. Білікті ұстаз. Күндіз тәртіп сақшыларын оқытады, кешке қоғамдық тәртіпті күзетеді. Инспекторлардың жауынгерлік даярлығына жауапты тұлға. Таңды таңға жалғап, қызметте жүр. Десе де, негізгі міндетін ұмытқан жоқ. Үш баланың анасы.
 
Майгүл Балғожина, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Үкіметтік мекемелерді күзету полкінің аға инспекторы:
Біз бәріміз де - офицерміз, форма кигеннен кейін. Қоршаған ортамызға қарай бейімделеміз. Мысалы, біз бұйрыққа қарай бағынамыз. Қай салада қызмет етсе де, адам өз ісінің маманы болуы керек.
 
Үкіметтік мекемелердің күзетінде жүрген бұрымдылардың бірі -  Диана Кенжеғалиева. Бұл қызметке қыз-келіншектердің алынуының өзіндік себебі бар. Ел Парламенті мен Министрліктер үйіне келуші әйел затын тексеру міндеті жүктелген, оларға. Басты талап - төзімділік. 
      
Диана Кенжеғалиева, сержант:
Жай адамдар тексерусіз өткісі келеді. Адамдар шығады, сосын қайтадан кіргенде «мен жаңа ғана шықтым ғой», деп тексеруден өткілері келмейді. Сондықтан да, біз оларға «осы тәсіл бойынша»,  деп түсіндіреміз. 
 
Еліміздің Ішкі істер органдарында 10 482 офицер әйел бар. Оның 1035-і күзет қызметінде. Ал, Астанадағы Үкіметтік мекемелерді күзету полкінің құрамында 100 қыз-келіншек жүр. Әттеген-айы, он жарым мыңдай офицер әйелдің қаншасының сержант, лейтенант, капитан, майор, полковник екені белгісіз.  
 
Мөлдір НҰРМАН

Хабарламаларға жазылу