Жазира Әбіл, тілші:
Қазір біз Каспий теңізінің дәл ортасында тұрмыз. Теңізшілер үшін бүгін - ерекше күн. Мерекеге қарамастан олар жауынгерлік жорыққа шығып, жүктелген міндетті абыроймен атқарып жатыр. Бұл - «Орал» зымыранды-артиллериялық кемесі. Оның 7 мың аттың күшіне тең қуаты бар.
27 жастағы Қайраттың бұл кемеде капитан болғанына 1 жылға жуықтады. Бұған дейін бірнеше су көлігін айдаған жігіт үшін кез келген техниканың тілін тез үйрену таңсық емес.
Алып кемелерді жүргізу - оның бала кездегі арманы. Алдымен Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепте, сонан соң Санк- Петербургте әскери жоғары білім білім алды. Қазір жыл он екі айдың тең жартысын теңізде өткізеді. 5 жылдық еңбек өтілі бар капитан Каспийдің қыр-сырын бір адамдай біледі.
Қайрат Шаршанқұлов, кеме капитаны:
Каспий теңізінде қысқа толқындар көп болады. Сол себепті кемеге қауіп төнеді. Бірақ, біз не болса да Бас қолбасшының тапсырмасын бұлжытпай орындаймыз.
Апталап үй көрмейтін теңізшілерге асқан шыдамдылық та тән қасиет. Бұл су көлігінде қызмет ететіндер навигация жүйесі мен байланыс құралының көмегіне жүгінеді. Экипаждағы 31 адамға теңіздегі шекара мен стратегиялық маңызды нысандарды қорғау міндеті жүктелген.
Нұржан Әсілбеков, штурман:
Бұл - өте қуатты кеме. Соңғы қарулармен қамтылған. Осы уақытқа дейін ракетамен атқан нысандарға дәл тигіздік.
Қазір Қазақстан флотында 4 кеме бар. Бұл кеменің артықшылығы - автоматты басқару жүйесі бар. Артиллерия, зенитті зымыран мен соққылаушы зымыран кешені топтастырылған.
Теңізшілер бұл кемемен 72 мың шаршы шақырым аумақты алаңсыз кесіп өтіп жүр. Мұндай су көлігінің тағы біреуі зауытта жасалып бүгін жолға шықты.
Жазира Әбіл, тілші:
Қазақстанның әскери теңіз күштері қуатты кемелермен толығып келеді. Бүгін суға түсірілген тағы бір отандық кеме арнайы сынақтан өткеннен кейін мамандар жаңа су көлігімен Каспий теңізіндегі қызметке кіріседі. Сөйтіп, Қазақстан флотының әлеуеті арта түспек.
Жазира ӘБІЛ