Қазақ телевизиясының 60 жылдық тарихында еңбегімен аты қалған режиссерлар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының 60 жылдық тарихында еңбегімен аты қалған режиссерлар

07.02.2018

Телевизияда айрықша орны бар маман иелері -  режиссерлар. Себебі, әр хабарды қызықты етіп, өзгелер байқамайтын детальды анық көре білу - тек соларға тән. Ал, қазақ телевизиясының алпыс жылдық тарихында абыройлы еңбегімен аты қалған режиссерлар аз емес.

Жас режиссердің жаңа құрылғысы мен бұрынғы аппаратты салыстырып отырған Артур Алипов ғұмырының сан жылдарын телевизияға арнаған. 35 жыл бұрын еңбек жолын дикторлардың көмекшісі болып бастаған ол екі-үш айда өзі де хабар түсіріп, режиссерлыққа ауысады. Содан бері талай тарихи сәттерді көрерменге жеткізді.

Артур Сәбитұлы арнаға келген кез қазақ телевизиясының жаңғырып, жаңарып жатқан тұсы еді. Ауыр техникалардың жеңіл құрылғыларға ауысып, түсірілімнің сапасы да артқан кез. Бірақ, бүгін ол сол шақтағы лента-кассеталар мен қазіргі флешкалардың айырмашылығын көріп, ауыр таспаны көтеріп, ел аралап жүргенін күліп еске алды.

Артур Алипов, режиссер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Осының көлемі 1 жарым сағат. Салмағы енді былай өзіңіз қарасаңыз, 7-8, 10 келідей болады. Іс-сапарға шыққан кезде осындайдың екеуін алып шығасың.

Өткен ғасырдың 80-жылдары телевизияға талантты режиссерлардың жаңа буыны келді. Өйткені, сол кездері танымдық, әдеби-мәдени бағдарламалар ашылып, кадр қажет болды. Боранхан Мұсабаев - телережиссураның тұтқасын сол тұста ұстаған білікті мамандардың бірі. Арнаның есігін аттағалы қырық жылға жуықтаған Боранхан Әлібекұлы әлі күнге дейін Ұлттық арнада адал қызмет етіп жүр.

Боранхан Мұсабаев, режиссер:

- Алғашқы кезде телевизияға қамқорлық көрсеткен кинорежиссерлар болды.

Алыптар салып кеткен сара жолды сапалы жалғай білген режиссерлардың ішінде - Рубикжан Яхин да бар еді. 24 жасында-ақ Жаңалықтар бөлімінің бас режиссері болған талантты азамат 2014 жылы өмірден озды. Бірақ, оның артында өшпес мұра қалды. Ол - 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасының» құнды кадрларын түсірген режиссер. Қазір оның барлығы «Алтын қорда» сақтаулы тұр.

Ақпараттың ақиқатын жұртқа жеткізетін - тілші, ауыр техниканы иығына артып, мәтінге келісті кадр жинайтын - оператор. Ал, таспагер түсірген бейненің қиюын келістіретін - инженер мен режиссер. Сондықтан, сан түрлі саланы қамтитын телевизия ұжымдық жұмыс екендігі анық.

Амангелді Сейітхан, тілші:

- Жазушы Асқар Сүлейменов «Режиссер жүрек сияқты, соққаны білінбеуі керек» депті. Бір ғана хабардың артында бірнеше адамның еңбегі тұрады. Ал, соның бәрін ұйымдастырушы - режиссер. Ол материалды қалай жасауды, ақпаратты қалай жеткізуді, тіпті журналистің стендап кезінде қалай жүріп-тұруына дейін айтып, қажет болса мәтініңе де өзгерту енгізеді.

Амангелді СЕЙІТХАН  

Хабарламаларға жазылу