Қазақ телевизиясы Алматыдан Астанаға 1997 жылы көшіріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясы Алматыдан Астанаға 1997 жылы көшіріле бастады

06.03.2018

Алпыс жылдық тарихы бар қазақ телевизиясы Алматыдан Астанаға 1997 жылы көшіріле бастады. Жаңа елордаға алдымен жаңалықтар бөлімі келді. Араға жыл салып, Астана студиясынан саяси және әлеуметтік тақырыптағы бағдарламалар көрсетіле бастады. Көш оңай болған жоқ. Енді ғана астана мәртебесін алған қалада маман тапшы, техникалық база жетілдірілмеген еді. Ал, алматылық журналистер жылы орнын суытып, арқаға келгісі келмеді.

Ал, біз Астанадан сөйлеп тұрмыз. Жалпы, Ұлттық арнаның майталмандарына елордада тұрып, елмен есендесу мүмкіндігі 1997 жылдың 7 қарашасында бұйырды. Алдымен Марат Тоқашбаев бастаған жаңалықтар бөлімі көшіп келді. Олар Мәскеу көшесіндегі Ақмола облыстық телеарнасының базасына орналасып, Алашқа «Ақшам» деген атпен ақпарат таратты.

Елордаға көшу оңайға соқпады. Журналистер епті болғанымен, техника ескі болды. Сол кезде, яғни 1997 жылы Астана студиясының директоры Алдан Смайыл еді. Ұйымдастыру ісіне атсалысып, бар қиындықты журналистермен бірге көрді.

Алдан Смайыл, Қазақ телевизиясының ардагері:

- Ең бірінші корпорацияның төрағасы болған Ерлан Сатыбалдиев, сол кісінің орынбасары болған қазіргі Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов. Сол сияқты бірнеше жігіттер келді. Негізгі олар келгендегі мақсат - Астананың ауысуын жаңалықтардан үзбей беріп отыру.

1998 жылы Алатаудан арқаға бағдарламалар бөлімінің журналистері жетті. Сол жылы Астана студиясынан республикаға тараған тұңғыш хабар – «Отандастар» еді. Оны үнін баптап, үндестік заңын сақтап сөйлейтін Алдан Смайыл жүргізді. Онда тарих пен тағылым, әсіресе, Астананың арқаға көшуі жайлы көп айтылды.

«Отандастардан» кейін тастандылардың тағдырына арналған «Жанарыңнан үзілген балапан жас» хабары эфирге шықты. Оны белгілі журналист Ләззат Қапышева жүргізді.  Айта өтейік, Ләззат Мейрамханқызы жат жердегі жетімін іздеп, мұхит асқан тұңғыш тілші.

Хабардың алғашқы екі саны эфирге шыққаннан кейін автор Сенаттан шақырту алады. Тілшімен тілдескен сол кездегі сенатор Жандар Кәрібаев «Неке және отбасы туралы» заңға енгізілген кей өзгерістерге осы хабардың негіз болғанын жеткізеді. «Осы жүздесуден кейін журналист – қоғамдық сананы қозғаушы күш, ал БАҚ-дарының төртінші билік екеніне көз жеткіздім», деген Ләззат Қапышева Астанаға алғаш келген жылдарын сағынышпен еске алды.

Ләззат Қапышева, Қазақ телевизиясының ардагері:

- Астанаға көшіп келгеннен кейінгі бүкіл өмірім әуе жолы мен темір жолының бойында өтті десем өтірік айтқандығым емес. Әр облыстардан, әрбір Үкімет сағатынан хабар жасадық.

Досымжан Ермұрат, тілші:

- Бұл қазақ телевизиясының алпыс жыл бұрынғы Алматыдағы ғимараты. Мынау көкжәшікті көпке көрсеткен мұнарасы. Бұған түсетін жүктеме 1997 жылы азайды. Өйткені, сол жылы төл телеарна Астанадағы мына ғимаратқа орналасып, қасындағы биік кешеннің көмегімен хабар таратты. Осында 15 жыл отырған Ұлттық арна ұжымы 2012 жылдың желтоқсанында қазір мен тұрған сол жағалаудағы 24 қабатты «Қазмедиа» орталығына қоныс аударды. Алпыс жыл бұрын алпысқа жетпейтін штатпен жұмысын бастаған «Қазақстан» телерадиокорпорациясында қазір үш мың адам еңбек етеді. Басы қатты болған көштің қазірі керемет.   

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу