Нұртілеу Иманғалиұлы Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұртілеу Иманғалиұлы Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізді

12.03.2018

Телевизия саласында 40 жылдан астам еңбек етіп, тілшіден бастап, Корпорация төрағасына дейінгі қызмет жолынан өткен белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы «Таңшолпан» бағдарламасына тележүргізуші әрі мейман ретінде қатысты.

«Бұл - Алматыдағы бірінші студия. 70-ші жылдары менің алғашқы хабарым эфирге осы жерден шыққан еді. Совет Мазғұтов, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Әділбек Тауасаров, Шырын Ағышева, Карина Күзембаева, Ыдырыс Қасымов, Шолпан Баймулдина, Сұлтанғали Қаратаев, Тыныс Өтебаев сынды  телевизия іргетасын қалаған, ұстаз, әріптес болған, өмірден өткен бірқатар әріптестерімді еске салып тұр. 60 жылдық шежіресі бар телевизия мені қарапайым жұмысшыдан бастап, билік бишігін ұстап отырған азаматтарға дейін таныстырды», - дейді ардагер журналист.  

Нұртілеу Иманғалиұлы Алматы студиясынан 90-шы жылдары телевизияда бас директор қызметін атқарған белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековпен сұхбат жүргізді.  

«Ол кездегі телевизияның негізгі ұстанымы дәстүрді ояту, ұмыт болған қайраткерлерді насихаттау еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына сәйкес келгендіктен, қазаққа керектің бәрі телевизияға да қажет болды. Алдымен қазақтың дәстүрін насихаттадық», - дейді жазушы.

«Бүгінгі журналистердің рөлі қандай,  қоғамдық пікір бар ма, сол кезде әлемдік телевизия тенденциялары зерделенді ме?». Қаламгер сұхбат барысында осы сауалдарға да жауап берді.  

Айта кетсек, қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай бүгіннен бастап күн сайын эфир тізгінін арна ардагерлері алатын болады.

Толық нұсқа 

Хабарламаларға жазылу