Қазақ телевизиясына – 60 жыл. Естен кетпес екінші онжылдық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясына – 60 жыл. Естен кетпес екінші онжылдық

16.03.2018

Жетпісінші жылдары Қазақ телевизиясы жаңа белеске көтерілді. Өткен онжылдықтағы хабарлардың ішкі мазмұны мен атауы өзгеріп, сол уақыттың толғақты мәселелерін қамтыды. Сол кезең Сіздердің естеріңізде болар? Себебі, телевизия түрлі-түсті форматқа ауысып, көрермен көбейді.

Қазақ телевизиясы алғашқы онжылдықта қалыптасу кезеңін бастан өткерсе, екінші он жылдықта еңсесін тіктеді. Техникалық әлеуеті артып, өзгеден үйренгенін өзінен кейінгіге үйрете алатын мамандар тобы қалыптасты.

Жетпісінші жылдары телевизияда жаңа жанр пайда болды. Ол студияда өтетін баспасөз мәслихаттары еді. Оған тележурналистерден бөлек, газет-журналдар мен радионың тілшілері және міндетті түрде талқыға түскен саланың бірінші басшысы қатысатын. Мәселен, 1972 жылы көкекте өткен студиялық баспасөз мәслихаты қой шаруашылығының сан қырлы мәселесін қамтыды.

Екінші онжылдықта Көктөбеде аспанмен таласқан мұнара іске қосылып, телехабарларды таратудың сапасы жақсарды. Ал, 1974 жылы түрлі-түсті хабар беруге көшу жүзеге асырылды.

Дәл осы жылы Қазақ телевизиясын дамыту туралы қаулы қабылданып, эфирге атақты «Алтыбақан» бағдарламасы шықты. Алдымен думанды жобаның жүргізушілері тағайындалып, әнұраны жазылды.

Көпке Қайратты көрсетіп, Алтынбекке ән салдырған «Алтыбақанға» қатысу «әу» дейтін әр жастың арманы болды. Әлемдік ән додаларына осы дүбірлі думанның жеңімпаздары ғана жіберілді. Айтпақшы, қазақтың ақбаяны, марқұм Мәдина Ералиеваның алдымен «Алтыбақанның» ақбаяны атанғанын біреу білсе, біреу білмес.

Осыдан кейін төл туындылардың қатары көбейді. Оның ішінде көгілдір экранның көркіне айналғаны «Қымызхана» еді. 1976 жылы эфирге шыққан «Қымызханадан» көпшілік есті ән естіп, қағытпа қалжың мен астарлы әзілге куә болды.

Тележурналдың сценариін белгілі драматург Әділбек Тауасаров жазса, режиссерлік жағы Шырын Ағышеваға сеніп тапсырылды. Алайда, көрермен «Қымызхананың» тек 25 сериясын ғана тамашалай алды. Жабылу себебі ешкімге түсіндірілмеді. Жоғарыда аталған бағдарламалардан бөлек, «Жолдас», «Кеш жарық», «Мың да бір рахмет», «Кездесу» және «Асыл мұра» хабарлары ел есінде қалды. Әсіресе, «Асыл мұраны» тамашалаған халық «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген сөзді тәмсілге айналдырып жіберді.

Еңбегіне қарай өнбегі. Екінші онжылдықта төгілген тер ақталып, 1977 жылы көрермен саны 11 миллионға жетті. Ал, Қазақ телевизиясының тұңғышы Ұлттық арнаның содан бергі контенті күн санап көбеймесе, кеміген жоқ.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу