Қазақ телевизиясы 60 жыл ішінде ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап қана қоймай, ел жетістіктерін жаһанға жария етіп отырды. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ақпараттық технология заманында «Qazaqstan» телеарнасын шартараптағы бар қазақ онлайн көруге мүмкіндік алды. Елдегі жаңалыққа қанық болып, сағынышын басады.
Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан қазақтардың күнделікті ақпарат алуға мүмкіндіктері бар. Еуропада да қаншама қандастарымыз тұрады. Олардың шаңырағында Ұлттық арна әрқашан қосулы. Бүгін өздерінің мерейтойлық тілектерін жаудырып жатыр.
Еуропаның 10 елінде қазір 10 мыңнан астам қандасымыз тұрып жатыр. Дені 1950-жылдары Түркиядан қоныс аударғандар. Ата-жұртты аңсаған қандастарымыз ел жайлы ақпаратты, бейнетаспаны ең алғаш Ұлттық арнадан көріп, тамашалап еді кезінде. Содан болар, ұлт жанашыры - Ұлттық арна десе бәрі елеңдеп отырады.
Ұлттық арнаның Франциядағы тұрақты көрермені - Әбдулсәмет Алтай. Құранды алғаш қазақ тіліне аударып, өнегелі тағдырымен қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған Дін және қоғам қайраткері Халифа Алтайдың ұлы. Асылдың сынығы Франция төрінде тұрса да, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын мықтап сақтаған. Балалары мен немерелерінің санасына ұлттық тәрбиені сіңіру үшін басты арнадағы барлық бағдарламаны жібермей көреді.
Әбдулсәмет Алтай, Франциядағы Қазақ ақсақалдар алқасының төрағасы, Халифа Алтайдың ұлы:
- Тәуелсіздіктен кейін «Еуропада қазақтар бар», деп ең алғаш Еуропаға келген «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы еді. Осы жақта болып жатқан Еуропа қазақтарының кіші құрылтайлары, фуnболдары, Еуропа қазақ жастарының жиылысы болады. Ол кезде «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы келіп отырды. «Qazaqstan» телеарнасының 60 жылдық мерейтойы болып жатыр екен, құтты болсын деймін. Мол табыс тілейміз. Жақсылық бола берсін дейміз.
Шартатарапқа тарыдай шашыраған қандастарымызды түгендеп, 1990-жылдары «Алыстағы ағайын» хабарын дайындаған Ұлттық арна тілшілерін Париждегі қазақтар әлі ұмытпапты. Туған жердің топырағына тұңғыш табан тіреп, тебіренген сәттегі бейнекадрларды да біздің арна таспагерлері түсірген кезінде.
Алғаш атажұртқа 25-30 жасында барған жігіттер қазір елуден асқан ел ағалары. Олардың Отанға деген сағынышы жыл өткен сайын күшеймесе, саябырсыған емес.
Франциядағы қандастар «Qazaqstan» телеарнасындағы «Туған жер» телекихаясын жібермей көреді. Ұлттық өнерге сусағанда «Мен қазақпын» жобасын тамашалап, дәстүрлі ән, күй, термені тыңдайды. «100 пайыз таза қазақ тіліндегі хабарлар құлақ құрышын қандырып, жаныңды рахатқа бөлейді», - деседі диаспора өкілдері.
Тәбәрік Долу, Франция Қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:
- Еуропада үш халықтың ішінде жүрген қазақтар алғаш қазақ тілін теледидардан естігенде «мынау өтірік пе, шын ба», деген болғанбыз. Сіздер арқылы өз тілімізді естігенде қуанышымызды айтуға тіліміз жетпеді. Ата-жұртта болғанды теледидар арқылы күнбе-күн біліп, шетелде жүрсек те, Қазақстанның дәл ортасында отырғандай боп отырмыз. Телеарнаның мерейтойы құтты болсын! Жұмыстарыңыз сәтті, жолдарыңыз ашық болсын!
Шеттегі ағайын еліміздің латын қарпіне көшетініне қуанып жатыр. Алғашқылардың бірі болып, телеарна атауын латыншаға ауыстырған қарашаңырақ ұжымына алғыстары шексіз. Ұлттың мүддесін бәрінен биік қоятын отандық телеиндустрияның алпауыты әлемдік алпауытқа айналсын. Жүрегі «Қазақстаным», деп соққан Еуропадағы қандастардың ортақ тілегі осындай.
Нұрсұлу ҚАСЫМ