Ұлттық арнаның Қайраты. Қайрат Мұсақұлов бүгін «Ақпаратты» тізгіндеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның Қайраты. Қайрат Мұсақұлов бүгін «Ақпаратты» тізгіндеді

16.03.2018

Қоңыр үн, ерекше екпін, жүйелі сөз. Бұл - белгілі  журналист, телевизия тарланы Қайрат Мұсақұлов жайлы сөздер. Ақпаратты қысқа да нұсқа етіп, санаға мөр қып басатын, мидың қыртысына шегелеп беретін телерадио майталманы саланың нағыз шебері. Отыз жылдан астам журналистикада жүрген оның өмірі толықтай «жаңалықтың өзі» десек те болады.

Журналистика факультетін тәмамдай сала Қайрат Мұсақұлов радиодағы әйгілі «Шалқар» бағдарламасына қызметке келеді. Өз біліктілігін дәлелдеп, талай мықты хабарлар жасайды. Ал, 1997 жылы сол кездегі Ақмола қаласында алғашқы республикалық радионың іргетасын қалаушылардың бірі болды.

Қайрат Мұсқұловты көрермен салмақты хабарлардың жүргізушісі ретінде таниды. 2000-жылдары оның қоңыр даусы әрбір шаңырақтан естіліп тұратын.

32 жыл бойы тек «Қазақстан» телерадиокорпорациясында. Телевизияда бір мекемеден табан ауыстырмай, мұнша ұзақ уақыт еңбек еткен журналистер кемде-кем. Алғашқы 14 жылында Қазақ радиосында жұмыс атқарса, кейінгі 18 жыл телевизияда. 

Бүгінде Ұлттық арнаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының жедел жобалар бөлімінің басшысы. Телеарнаның қайраты – оның журналистері десек, соның белділерінің бірі Қайрат Мұсақұлов екеніне ешкімнің де күмәні жоқ.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу